Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет!
Алдымыздағы ақпанның 14 - інде КСРО әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 26 жыл болады. Осыған орай «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар кітапханасында 2015 жылдың 12 –ақпаны күні Интернационалист жауынгер ағаларымыздың құрметіне арналған «Есімде Ауған соғысы» атты ерлік сағаты ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шараға №1 жалпы білім беру орта мектебінің, сонымен қоса №2 мектеп -балабақша кешенінің 7-8 сынып оқушылары ұстаздарымен бірге қатысты.
Ерлік сағатының мақсаты Ауған оқиғасының тарихи мағыналық ақиқатын ашу. Күрескер ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды
Отансүйгіштікке, ерлікке баулу, Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, патриоттыққа тәрбиелеу.
Шара барысында бастан аяқ тақырыпқа сай слайд көрсетіліп, дәстүрлі емес көрме ұйымдастырылды. Көрмеге ауған соғысы ардагерлерінің фотоларынан құралған буклет, плакат және ауған соғысы тарихынан сыр шертетін кітаптар қойылды.
Алдын ала кештің құрметті қонағы ретінде Ауған соғысының ардагерлері Пазилов Абдикадир Жанабаевич пен Турлыбаев Полат Канатович және ардагерлер ұйымының төрайымы Талмекеева Ырыс Ырысбековна шақырылған болатын.
Кеш ауған соғысында қаза тапқан батыр ағаларымызды, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестерімізді 1 минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Ия, Ауғанстан жеріндегі соғыс тарих беттерінде өзіндік із қалдырғаны барша жұртшылыққа аян. Осынау тарих бетінен сызып алып тасталмайтын ауған соғысының қысқаша тарихы баяндалып, қалың оқырманға түсіндірілді.
Ауған соғысының табиғаты да тарихы да өзгеше. Ол уақытта 18 бен 20 – ның арасындағы өрімдей жастар, бас - аяғы 22 мың қазақстандық өзге азаматтар мамыражай тіршілік етіп жатқан кезде бөтен елде өздерінің ел алдындағы борышын өтеді. Соғыс деген қаралы ұғым. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында қашанда бас иеміз.
Ардагер ағаларымызбен де сұхбат жүргізілді. Олар өздерінің басынан кешкен оқиғаларымен бөлісіп, әскери тәртіп, әскери өмір жайлы біраз мағлұмат берді. Ағалардың соғысқа қанша жастан қатысқаны, ауған жерінде қай тілде сөйлескендері, жалпы ерлік, батырлық деген ұғымды қалай түсінетіндері, қазіргі жас ұрпақтың отансүйгіштігіне деген көзқарастары жайлы бірнеше сұрақтар қойылды.
Шын мәнінде, бүгінгі жастар өзгеше. Тәуелсіз елдің төл перзенттері, санасы тәуелсіз, ойы озық, білімі асқақ азаматтар. Жастар жауапкершілікпен қатар, ауыртпашылықты да сезінуі керек.
«Ерлік - жан дүниенің ұлы қасиеті» деген екен бір дана қария. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жауызымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызбен кездесіп, бүгінгідей сұхбат жүргізу – біз үшін бір ғанибет.
Сіздерді Отан алдында борышын адал атқарған абзал азамат,өз елінің патриот жауынгері ретінде жоғары бағалаймыз. Сіздерге мықты денсаулық.ұзақ ғұмыр,отбасыларыңызға бақыт тілейміз.
Сонау Ауған жерінде қару асынып мұң арқалаған сын сағаттарда бірін - бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір - түкпірінде еңбек етуде. Аяулы ардагер ағалар, Сіздерге ұзақ ғұмыр, денсаулық, жанұяларыңызға бақыт тілейміз! Аспанымыз ашық болсын, бейбіт өмір жасай берсін!
«Приозерск қалалық кітапханасы» КММ балалар бөлімінің кітапханашысы:
Курманбекова Кенжегул