«Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарихы


cb8ed415-4a13-4182-83e7-a17ccd44ec48 Қазақстан үкіметі иесіз қаланы сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Приозерск қаласының іргетасы қаланысымен қалалық кітапхана ашылды. Ол кезде кітапхана одақтық әскери бөлімшелердің құзырында болған еді. Нақты құрылған күні белгісіз. Алайда 1996 жылдан бері қала тұрғындарына мәдени —ақпараттық қызмет көрсетіп келе жатқан мекемелердің бірі. Осы жылдары кітапханаға Черемисина Нина Федоровна басшылық еткен болатын. Ал 2000 жылдан бастап кітапхана директорының қызметіне Кенжебекова Павлина Сиязбекқызы тағайындалды. Павлина Сиязбекқызының бастамасымен қалалық Мұрағаттың директорына кітапхананың тарихы туралы деректерді білу мақсатымен хат жазылды. Өкінішке орай мұрағат директоры кітапхананың қашан құрылғаны туралы мәлімет бере алмады.

Кезінде Приозерск қаласы Жезқазған облысының құрамында болып, Қарағанды облысы болып өзгертілгенде кітапхананың құжаттары мемлекеттік мұрағатқа тапсырылмаған. Сонымен қатар Ресейдің № 03080 әскери бөлімшесіне де хат жазылды. Осы күнге дейін кітапхана туралы деректер табылмады. Кітапхана шамамен 1960 жылы құрылған. Бұл тек болжам ғана.

2007 жылдың 24 желтоқсанынан бастап «Приозерск қалалық кітапханасы» мемлекеттік мекемесін құру туралы қаулы қабылданды. 2008 жылы қаулы қайта қаралып, 8 қаңтарда бекітілді. Кітапхана ғимараты екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта балалар кітапханасы орналасқан. Бұл кітапхана мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қызмет көрсетіп, жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып келеді. Ал екінші қабатында ересектерге қызмет көрсету бөлімі мен оқу залы қызмет етеді.

«Приозерск қалалық кітапханасы» мемлекеттік мекемесі заңды тұлға статусына ие, ақпараттық, мәдени-сауықтыру, ағартушылық және өлкетану қызметтерін көрсететін, ұйымдастыру —құқықтық формада құрылған, сонымен қатар басылымдық және қолжазбалық құжаттардың ұйымдастырылған қоры бар, оларды жеке және заңды тұлғаларға уақытша пайдалануға беретін мекеме.

Ал кітапхананың негізгі міндеттері:

Қала тұрғындарының кітапханалық қызметтердегі қажеттілігін қанағаттандыру.

Кітапхананы пайдаланушылардың ақпараттық қажеттеіліктеріне сәйкес келетін кітаптардың қорын сапалы түрде толықтыру.

Мәдени, ақпараттық, ағартушылық және бос уақытты ұтымды пайдалану қызметтерін атқару. Тұрғындарды қоғамның мәдени құндылықтарына баулу.

Өлкетанулық түрдегі ақпараттарды мейлінше толық жеткізу

Бағдарламалық —бағыттық қызметті дамыту

Библиографиялық ақпараттың дереккөздерін, каталогтарды, картотекаларды, әдіскерлік құралдарды, электрондық дерек базаларын жасау және пайдалану.

Жалпыға жеткілікті негізде құжаттармен және библиографиялық ақпаратпен қызмет көрсетуді ұйымдастыру.

Кітапханалық іс-жүргізуді автоматтандыруды дамыту.

Кітапханада 4 тұрақты жылжымалы кітапхана жұмыс жасайды. Оның 2-еуі балалар кітапханасында, қалғаны ересектер кітапханасының құзырында. Кітапхананың балалар бөлімшесінде «Үміт» бағдарламасы бойынша қамкөңіл-мүгедек балаларға қызмет көрсетіледі. «Электронды үкімет», «Заң» және «Закон», «Кабис» бағдарламалары және ғаламтор, «КазНЭБ» жүйелері жұмыс жасайды.

2009 жылы кітапханаға «Жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кітапхана жарық пен де, жылу жүйесімен де толық жабдықталған. Бүгінгі күнде кітапхана материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.

Кітап қоры да жылдан жылға артуда. Оның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар, оқу-әдістемелік құралдар да молайып келеді. Бүгінде кітапханамыз 35 —ке жуық өзге ұлт өкілдеріне, жалпы қала тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған мекемеге айналып отыр.

 

Мұның барлығы төзімділік пен шыдамдылықтың, еңбекқорлықтың арқасында келген дүние. Осы тұрғыда кітапхана директоры Павлина Сиязбекқызының қала мәдениетін өркендетуде қосқан ерен еңбегін атамай өту мүмкін емес.

Аз ғана жылдың ішінде бірталай қиындықты бастан кешіріп, сонымен қоса бірталай жетістіктерге қол жеткізген кітапханамыз бүгін үлкен бір мәдени ошаққа, ауыз толтырып айтарлық ғимаратқа айналды.