Балалар кітабының апталығы
2015 жылдың 13 сәуірі мен 17 сәуірі аралығында «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде «Балалар кітабының апталығы» өткен болатын. Кітап апталығына арнайы жоспар құрылған болатын, сол жоспарға сәйкес 13- сәуірде апталықтың ашылу салтанатына орай «Балалар жазушыларына» арналған танымдық сағат өткізілді.
Қазақ ақын- жазушыларының көпшілігі ең нәрлі, бағалы туындыларын балаларға, өсер ұрпаққа арнаған. Олардың кітаптарындағы өлең, әңгімелердің дені балалар өмірінен жазылған. Сондықтан аталмыш іс-шараның мақсаты: балаларды тағылымды тағдырлармен табыстырып, тартымды ой сыйлаған шығармаларды насихаттау.
Балалардың кітапқа, білімге, оқуға деген ынтасын арттыру. Оларға отансүйгіштікке, табиғатты аялауға, үлкенді құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелейтін құрал – кітап екенін ескерту. Кітап – сенің досың, ақылшың, көмекші құралың.
Дәстүрге сай кітап көрмесімен таныстырылды. Көрмеге балалар кітабының атасы Қадір Мырза-Әлінің томдық кітаптары мен Т. Молдағалиев, Ы.Алтынсарин, С. Мұратбеков, Б.Соқпақбаев сынды жазушылардың кітаптары сондай-ақ әлем балалар әдебиетінің үлгісінен шетел жазушыларының қазақ тіліне аударылған шығармалары да көрініс тапты.
Апталықтың ашылу салтанатына сынып жетекшілерімен бірге 1- сынып оқушылары, сонымен қоса 4 – сынып оқушылары қатысты. Оқушылар қойылған сұрақтарға жауап беріп, белсенділік танытып отырды. Балалар жазушысын біразы білсе, көбі білмей жатты. Сол себепті балаларды өз өлкесі мен туған жерінің тарихын, ақын-жазушыларын білу, таныту мақсатында көптеген қаламгерлермен олардың туындылары жайлы мағлұмат берілді.
Осылайша аптаның бірінші күні оқырмандарымыз балалар жазушыларымен тереңірек танысып, шығармаларымен сусындап қайтты. Апта бойы өткізілетін іс-шаралар өз оқырмандарына жаңа біліммен қоса жақсы көңіл-күй сыйларына сенімдіміз.