Бірлігі бекем елдің тірлігі берекелі
«Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2016 жылдың 1 наурызында «Бірлігі бекем елдің тірлігі берекелі» атты қала әкімінің этномәдени бірлестіктер өкілдерін қабылдауы өткен болатын. Кездесу кеші бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Осы елде тамыр жайдық біз» атты мерекеге ұласты. Оқырмандар назарына 25 ақпаннан бері «Қазақ еліне тағзым» тақырыбында этномәдени бірлестіктердің кітаптарымен мұрағат материалдарынан алынған фотосуреттерінің көрмесі ұсынылды.
Іс-шараның мақсаты: Ассамблеяның тарихына тоқтала отырып 2016 жылы елімізде тұңғыш рет тойланғалы отырған өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығыуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған алғыс айту күнін қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күні екенін түсіндіру. Мерекелік кеште этномәдени бірлестіктер өздерінің ыстық ықыластырын білдіріп, ұлттық тағамдарын да ұсынған болатын. Қаламыздың гүлденіп өркендеуіне өз үлестерін қосып келе жатқан өзге ұлт өкілдері бұл мерекені шын жүректерімен қабылдап, Қазақстан халқына деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Біз үшін бұл күн сонау жылдары тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі іспетті. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді.
Қазіргі таңда «Алғыс айту күні» еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналып отыр десек артық айтпаған болар едік.
1- наурыз көктемнің алғашқы күні тойланып жатқан «Алғыс айту күні» әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен орын алары сөзсіз.