«Бір ел - бір кітап» акциясы
Әлеуметтік-мәдени акция - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аталмыш акцияның мақсаты - қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ оқырмандарды оқуға, кітапханаға тарту.
2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына орай «Көшпенділер» романы оқуға таңдап алынды. Себебі қазақ халқына көмескіленіп бара жатқан өткен тарихын қайтарып берген қаламгердің есімін еріксіз тарихпен байланыстырасың. Елінің қамын жеген І.Есенберлинді қаншалықты насихаттап, оған қаншалықты құрмет көрсетілсе де артықтық етпес. Көркем шығарма мен тарихи деректерді қиюластыра астастырып, аса шеберлікпен өткенді «тірілтіп», ұлт руханиятына зор үлес қосқан қара сөздің хас шебері. Осындай ұлы тұлғаның шоқтығы биік шығармасын насихаттау мақсатында 2015 жылдың 27 қарашасында «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кітапханашылары № 1 жалпы білім беру орта мектебінің 10 «ә» сынып оқушыларының қатысуымен тәрбие сағатын өткізген болатын. Оқушыларға акцияның мақсатын түсіндіріп, кітапханамыздың кітап қорында бар шығармаларымен таныстырды. Оқушылардың романды қаншалықты оқығанын тексеру мақсатында интерактивті тақтадан жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған викториналық сұрақтар қойылды. Оқушылар сұрақ-жауапқа белсенді атсалысып, қанағаттанарлық жауап берді. Акцияның мақсаты – оқу мәдениетін дамыту және қолдау, ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отанын сүюге, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу. Олай болса оқырмандарымызды, бүкіл қала халқын қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан «КӨШПЕНДІЛЕР» трилогиясын оқуға шақырамыз! Жыл кітабын бірге оқиық ағайын!
Оқырмандарға қызмет ету бөлімінің
кітапханашысы: Есенбаева Г.Г