Инновациялық сөйлейтін қалам.
Кішкентай бүлдіршіндерді кітап патшалығымен таныстыру, оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханашылар қаламыздағы «Балақай» бала-бақша кешеніне барып бүлдіршіндерді кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптармен таныстырды.
Ең бірінші бүлдіршіндерге «Даналық әліппесі» Инновациялық сөйлейтін қалам нұсқаулығымен таныстырды.
«Даналық әліппесі» кешенінің мазмұнына қобыз үні, домбыра күйі, бесік жыры, халық әні, халық аңызы, халық ертегісі, халық тағылымы, халық жыры, нақыл сөз, билер сөзі, аталар сөзі, бабалар батасы енгізілген. Олар баланың туғаннан бастап, жас және жеке ерекшеліктеріне сай рухани құндылықтар арнасында тәрбиелеуге, дамытуға, қалыптастыруға бағдарланып, бірізділік ұстанымы негізінде біртұтас күйде жүйеленіп беріледі. Аталған кешен нұсқаулық, он екі кітап және сөйлейтін қаламнан тұрады. «Даналық әліппесіндегі» даналық әлемі кеңістігін түзетін қайнар көз ретінде ұсынылған халықтық туындылар электрондық дыбыстау құралдары арқылы тыңдалады.
Сонымен қатар, балалар назарын ерекше аударған «Аруна» баспасынан шыққан «Ашылмалы кітапша» атты көркем суретті топтама болды. Топтамаға енген ашылмалы кітапшалардың ерекшелігі- ашылған бетте кең көлемді көріністің пайда болуында, кейіпкерлер қозғалып кітапты ашқанда қимылдайды. Осының бәрі кішкентай балдырғандардың кітапқа деген қызығушылығын, ынтасы мен зейінін арттырып, тілін байытады. Балалар «Көңілді көжек», « Қызыл телпек», «Пысық құлан», «Жасырынбақ», «Қызыл қоңыз», «Әуесқой марғау», «Ұсқынсыз үйрек балапаны» және т.б көздің жауын аларлық көптеген кітаптармен танысты. « Аруна» баспасынан шыққан «Дауысқа құлақ асайық» атты көркем суретті, музыкалық дыбысты, дауысты кітаптармен де танысты. Олар: «Орман үні», «Аспаптар үні», «Жануарға жақын бол», «Көліктер сөйлейді». «Дауысқа құлақ асайық» топтамасы бойынша жарық көрген кітаптардан балалар қызықты ақпараттар алады. Жануарлар, техника түрлері, аспаптармен танысып, орман үнін тыңдау арқылы бір-бірінен ажыратып үйренеді.
Кітаптарға қызығушылық танытқан оқырмандар болса кітапхана есігі әрдайым ашық.
Көріңіздер, оқыңыздар, алыңыздар.
Әдіскер Ш.Козыгельдиева.