Кітапхана түні-2015

2015 жылдың 15 мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде алғаш рет «Кітапхана түні-2015» акциясы болып өтті. Акция алдында қала көшелеріне хабарландырулар ілініп, мекемелер мен мектептерге бағдарлама мен шақырулар таратылды.
Акцияның мақсаты: кітап оқуды адам өмірінің бос уақытында өзіне серік етіп, жаңаша бағытта танымдық-интеллектуалдық бағдарламаларға қатысып, тиімді өткізу, оқырмандарды кітапханаға тарту.
Кеш барысында кітапхана алаңында «Кітапхана түнінің» ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Сайқымазақ пен Буратина кешке келген қонақтарға формуляр ашып, «кітапханаға жазыл» акциясын кеш бойы жүргізді.
Қонақтар бір уақытта бірнеше шаралардың куәсі болды. Караокемен ән шырқап, шахмат, шашки ойындарын ойнап, өнерлі оқырмандарымыздың ән-күйлерін тыңдады.
«Танысыңыздар буккросинг» акциясы оқырмандарға қатты ұнады. Онда түрлі мазмұндағы әдебиет ұсынылды - балалар ертегісі, оқиғалар, қазақ, орыс жә не шетелдік классиктерінің романы мен әңгімелерінен бастап, детектив пен әйелдер романына дейін. Оқырмандар кітапты тегін алып, оқып болған соң айналасындағыларға, өзге біреулерге беру тапсырылды.
«Мерзімді басылымдар шеруі» флешмоб-оқушылардың қатысуымен өтті. Оқушылар қолдарына газет-журналдар ұстап, бір мезетте шамамен 50 бала бірдей биледі.
Келген қанақтар кітапхананың түнгі әлеміне саяхаттау барысында биылғы жылғы айтулы төрт мерекеміз «Қазақ хандығына-550жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына-20жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына-20 жыл», «Ұлы Жеңіске-70 жыл» көрмелерімен таныстырылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты бөлімдерде «Қазақ хандығының шежіресі» атты кітап көрмелері қойылып, «Тарих беттерінен тағылым» атты тәрбие сағаты өтті.
Сонымен қатар І.Есенберлиннің 100 жылдығына орай «Бір ел, бір кітап» акциясы негізінде «Көшпенділер» трилогиясы таныстырылды.
Оқу бөлімінде «Шай мерекесі» деген атпен мерекелік дастархан жайылып, қонақтарға тәтті-дәмділер ұсынылды. Бұл жерде шайдың шығу тарихы жайлы айтылып, сұрақтар қойылды.
Кештің соңында қонақтар ортаға шығып, «қара жорға» биін бір кісідей биледі. Отты әуе шарын ұшыру салтанаты кітапхананың ең белсенді оқырманына тапсырылды. Кітапханашылар бұл үрдісті жыл сайын жалғастыруды дәстүрге айналдырмақ.
Кітапхана түніндегі барлық бағдарламаларға қала тұрғындары белсене қатысып, кітапханада оқырмандар қатары жаңа оқырмандармен толықты. Кешке 112 адам қатысып, оқырмандарға қызмет көрсету бөліміне 37 оқырман жаңадан тіркелді.