Латыпова – Көбеева Аймереке
Латыпова – Көбеева Аймереке – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстың қаһарлы жылдарында кеңес халқы есі жаңа кіріп келе жатқан баладан бастап, жасы жүзге жеткен ақсақалдарға дейін жауға қарсы шығып, майданда да, тылда да, теңдесі жоқ ерліктің үлгісін көрсеткен болатын.
Аяулы ардагеріміз Аймереке Латыпованың (қыз кезіндегі фамилиясы) Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлік істері кезінде Кеңестер Одағының жоғарғы марапаттау белгілерімен, бірнеше медаль және ордендермен атап өтілген.
Бұл кісінің майдандағы жолы 1942 жылы әйгілі Сталинград шайқасынан басталып, Дондағы Ростов, Киев қаласында және Белорусь, Польша, Шығыс Пруссия жерлерімен өткен. Үш рет ауыр жарақат алған, соғыс мүгедегі.
Латыпова Аймереке 1927 жылдың 27 мамырында Ақтөбе өңіріндегі Ойылды ауылында қарапайым теміржол жұмыскері Латып Абиев пен Балбөпенің отбасында дүниеге келген.
Бұл кісінің өмірге келген уақытының өзі елді жайлай бастаған ашаршылық кезі болатын. Осы нәубеттің зардабынан, көпке созылған науқастан 1933 жылы әкесі, одан бір жылға жетпей шешесі қайтыс болды. Шешесі Балбөпе – қайтыс болар алдында, сол жердегі жамағайын туыстарына жалғыз қызы Аймерекені балалар үйіне тапсыруды өтінген.
Аймереке Көбееваның естеліктерінің ішінде бір таң қалдыратыны осы кезге дейін көпшілікке белгісіз оқиға, оның майдан даласында даңқты Әлия Молдағұловамен кездесу сәті.
Үш жылдай қанды соғыстың ортасында болған Аймереке Латыпова 1945 жылдың 9 – мамырын бүкіл кеңес халқының, Қызыл Армияның жауды – неміс басқыншыларын жеңген күнін Люксембург қаласында жауынгер достарымен бірге қарсы алады.
Соғыс біткеннен соң, Аймереке Латыпова өзінің өскен қаласы Ақтөбеге келеді. Қазіргі таңда апамыздың 19 немересі, 15 шөбересі бар. Қарағанды облысы Приозерск қаласында Спандияр ұлының қолында тұрды. 2017 жылы 27 желтоқсанда Аймереке апамыз өмірден озды. Қала тұрғындары мен басшылары бұл кісіні қатты құрметтейді, сыйлайды.