Өмір – тарих
Сәрсенбай О.
Өмір – тарих
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Баспа және полиграфия істері саласының қайраткері, белгілі жазушы әрі баспагер марқұм О.Сәрсенбайдың бұл кітабына оның 2004, 2014 жылдары жарық көрген «Өмірнама» кітаптарындағы қаламгер күнделігінің жалғасы автордың дүниеден қайтарға дейінгі хронологиялық ретпен, сондай-ақ кезінде жұртшылықтың жақсы лебізіне бөленген «Ұйқың тыныш болсын», «Қосқұдықтың басында» атты әңгімелері мен «Таңбалы тас», «Ағабектің ақыры» атты повестері енді.
Автор «Таңбалы тасқа» халықтар достығын арқау етіп, Отан соғысында қазақ жерін паналаған шешен халқының өмірін, «Ағабектің ақырында» қазақ ауылының күйбің тіршілігін, «Ұйқың тыныш болсын» әңгімесінде ауыл адамдарының кіршіксіз адалдығын, психологиялық иірімдерін суреттейді.
Өткен ғасырда «1961» атты атышулы поэмасымен қоғам мен әдеби ортаны дүрліктірген О.Сәрсенбайдың прозалық еңбектерінде темперамент, қайсар шындық, төзімді үміт барша табиғатымен жарқырап көрінеді.