Мұраты биік суреткер
«Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде 2016 жылдың 24 сәуірінде «Мұраты биік суреткер» Қабдеш Жұмадилов 80 жылдық мерейтойына орай кітап көрмесі ұйымдастырылды. Басты мақсатымыз –оқырмандарға жазушының өмірбаяны және шығармаларымен таныстыру, шығармаларын оқырмандарға ұсыну арқылы туған әдебиетімізді, ұлы жазушы еңбегін жастарға насихаттау және де көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыру.
Көрмеге 5 – 9 сынып оқырмандары қатысты.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді.
1954 жылы «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарық көрді. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы «Шұғыла» журналында басылды. Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты. «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1968 жылы, «Көкейкесті» романы 1969 жылы жарық көрді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман туды. Романдарының дені тарихи тақырыпқа арналған. Оның екі кітаптан тұратын «Соңғы көш» (1974–1981), «Атамекен» (1985), «Тағдыр» (1988) романдары Шыңжаң қазақтарының өмірінен жазылған. «Соңғы көш» дилогиясына 1983 жылы М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, «Тағдыр» романына 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Қос томды «Дарабоз» (1996) романы тарихи тақырыпқа, «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» атты шығармалары бүгінгі заман тақырыбына арналса, «Қылкөпір» романы (2003) мен соңғы жылдары жазылған бір топ әңгімелерінде тәуелсіздіктен кейінгі өтпелі дәуір шындығы көрініс тапқан. Жазушы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында (1999) өзі өмір сүрген орта мен замандастары жайында сыр шертеді.
«Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Дарабоз» романдары мен хикаяттар топтамасы орыс тіліне аударылып басылған. Жекелеген әңгіме, хикаяттары қырғыз, өзбек, ұйғыр, украин, белорус, грузин тілдерінде, «Соңғы көш» романы түрік тілінде жарық көрді. Бүгінге дейін отызға тарта кітабы шықты. Негізгі еңбектері 2003–2004 жылдары «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Он екі томдық» шығармалар жинағына топтастырылған. «Мәңгілік майдан» (2008) кітабы жарық көрген.
Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1998 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» деген атақ берілді. «Парасат» орденінің иегері.
Кітапханамыздың кітап қорынан Алматы қаласы «Атамұра » (2015 ж), баспасынан шығарылған «Аққуды атпас болар» , «Қазақстан» (2000 ж) баспасы «Қалың елім қазағым», «Ән – арыс » (2009 ж) баспасы «Дарабоз», «Тамыр» (1999 ж) баспасы «Таңғажайып дүние» сынды кітаптары оқырман назарына ұсынылды. Көрмеге қатысқан оқушылар саны 21 бала.