Тілеу Көлбаев. Бәрі де майдан үшін бәрі де жеңіс үшін
Қазақстан Республикасы Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақ баспа сөзіне сіңірген айрықша еңбегі үшін» дипломының иегері Тілеу Көлбаевтың «Бәрі де майдан үшін , бәрі де Жеңіс үшін!» кітабында ел басына күн туған жылдарда қан майданда жаумен жағаласқан, тылда тынымсыз еңбек етіп, соғыс қиындықтарына төзе білген, Ұлы жеңіске лайықты үлес қосқан Қазақстан еңбекшілерінің патриоттық істері жайлы сөз етіледі.
Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерен ерліктері ешқашан ұмытылмауы тиіс. Аға ұрпақтың ерлігі жастарға өшпес үлгі – өнеге болып қала береді. Қаһармандар ісін көпшілікке насихаттау, сөйтіп жас буынды патриоттыққа, отансүйгіштікке баулу – қасиетті парыз.
Кітап мұрағат құжаттары мен уақыт сынынан өткен, жарияланған деректердің, соғыс пен тыл ардагерлерінің естеліктері негізінде жазылған. Сондай-ақ, автордың ғылыми басылымдар мен Республикалық баспасөзде жарық көрген мақалалары мен очерктері кітаптың негізгі арқауы болған.
Бұл еңбек Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеушілерге, студенттер мен мектеп оқушыларына, әскери-патриоттық тақырыппен шұғылданатындарға, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.