Жоғалған әлем.
«Жоғалған әлем» – көрнекті ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың ғылыми фантастикалық шығармасы. 1912 жылы жарық көрген бұл роман жазушының профессор Челленджер туралы шығармалар циклінің алғашқы кітабы болып табылады. Романда Оңтүстік Америкаға сапарлаған британ экспедициясы туралы әңгімеленеді.
Амазонка бассейнінде орналасқан адам аяғы жетпейтін биік жартасты үстіртті зерттеуге аттанған профессор Челленджер мен оның серіктері (профессор Саммерли, лорд Джон Рокстон мен газет тілшісі Мэлоун) динозаврлар, адам тектес маймылдар мен жабайы адамдар сақталған «жоғалған әлемге» тап болады. Оқиға лондондық газет тілшісі Мэлоуннің атынан баяндалады.
Кезінде миллиондаған оқырманның қызығушылығын тудырып, оң бағасын алған бұл шығарма ғылыми фантастиканың үздік үлгісі саналады. Ширыққан сюжеті, жарқын кейіпкерлері мен жеңіл әзіл-оспақты тілін шығарманың ерекше табысы деуге болады. Әлемнің көптеген тіліне аударылған бұл роман қазақ оқырманына алғаш рет ұсынылып отыр.