Желтоқсан – тәуелсіздіктің бастауы
Қалалық кітапхананың жылжымалы кітапханасы Тәуелсіздік мерекесіне орай Балқаш емдеу сауықтыру кешенінде «Желтоқсан – тәуелсіздіктің бастауы» атты әдеби кеш және «Тәуелсіздік белестері» атты библиокараван ұйымдастырылды. Көрмеге Тәуелсіз Қазақстанның бел-белестері, бүгінгі жетістіктері және жарқын болашағы туралы деректер мен құнды кітаптар қойылған. Біз кітапхананың иелігіндегі қордан тақырыпқа байланысты кітаптарды, материалдарды демалушылар назарына ұсынуға тырыстық. Олар - еліміздің мемлекет болып нығаюы кезеңімен, еліміздің тарихымен, Қазақстан халықтарының мәдениетімен тығыз байланысты кітаптар.
Көрменің негізгі мақсаты - қазақ мемлекетінің сан ғасыр бойы қалыптасу тарихындағы уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын көрсету. Аталған кітап көрмесіне еліміздің кешегі мен бүгінгі жарқын келбеті салыстырмалы түрде көркем фотосуреттермен берілген. Тәуелсіздік жолында өз жандарын қиған ұлдарымыз бен қыздарымыз туралы еңбектер қойылып, кітапхана қорында сақталып келе жатқан Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздік жолындағы тарихи мәліметтермен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Көрмені Балқаш емдеу сауықтыру кешенінің демалушылары мен ұжымдары және кеш қонақтары пайдаланды. Тәуелсіздік күні – жанарға жас толтыратын, ерлікке тағзым жасататын қасиетті күн. Сонымен қатар, «Алтын анам – Отаным, сенен аяр жаным жоқ» - деп ұрпағының болашағы үшін жанын пида еткен, тәуелсіздікке ұмтылу жылдарында қан кешкен асыл боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні. Олар Отанын жан-тәнімен сүйіп, қаһармандықтың үлгісін көрсетті. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, ерлікпен қаза тапқан сол бір боздақтардың есімдерін бір сәт үнсіздік жариялаумен ашылған шараға қаламыздың қадірменді азаматы «Желтоқсан ақиқаты» төс белгісінің иегері Омаров Ерлік Сәлімұлы желтоқсан құрбандарын еске алып Тәуелсіздікке қол жеткізген 24 жыл мерекесімен құттықтады . Желтоқсан оқиғасына байланысты видео сюжеттер көрсетіліп, қонақтар мен демалушылар өз ойларымен бөлісті. Кешке келген қонақтар жастарға әрқашанда өз елінің патриоты болып елі мен жерін сүюге, Отан деген алып атамекенді қорғауға шақырды. Кеш әдемі ән, әуезді күй мен жырға толы болды. Кітап көрмесі 20 желтоқсанға дейін өз жалғасын тапты. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі болғай! Деген тілекпен шараны аяқтадық.