1001 мақал, 101 жұмбақ
2018 жылдың 4 сәуір күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде апталықтың үшінші күні «1001 мақал, 101 жұмбақ» атты зерделілер сайысы өтті. Іс-шараға № 1,2 мектептің 6-7 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: Оқушыларды «Сөз мәйегі-мақал» дегендей, ата-бабамыздан қалған өсиет сөздер арқылы адамгершілікке, ойын нақты, дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге үйрету. Сөз өнері арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейту, тапқырлыққа, даналыққа тәрбиелеу.
«1001 мақал, 101 жұмбақ» зерделілер сайысы «Кім көп біледі», «Жалғасын тап», «Кім тапқыр», «Кім жүйрік», «Даналық ойдан дән ізде», «Сөз тапқанға» сынды алты кезеңнен тұрды. Оқушылар «Жалын», «Ұшқын» болып екі топқа бөлінді. Сайыста ерлік, елдік, Отан, адамгершілік, достық тақырыбындағы мақал-мәтелдер мен түрлі деңгейдегі жұмбақтар қамтылды. Қазылар алқасының шешімімен жалындаған ерік-жігерлерімен ерекшеленген «Жалын» тобы бірінші орынға иелік етті. Аталмыш сөзсайыстан оқушылар білімге деген құштарлықтарын, ізденімпаздықтарын арттырып, ойларын нақты жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, салмақты ой айта білуге баулынып қайтқаны сөзсіз.