«Алғысымыз шексіз»
Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына және Алғыс айту мерекесіне орай балалар кітапханасының оқу залында № 1 мектептің 4 сынып оқушыларымен «Алғысымыз шексіз» атты тәрбие сағаты өткізілді.
Мақсаты: «Алғыс күні» ұғымын ашу,барлық этностар мен қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыру, ұлтаралық келісім мен ұлттық бірлікті, әр түрлі этностар арасындағы достықты нығайту;
Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Іс-шара барысында кітапханашылар Ассамблея, Алғыс айту күнінің пайда болу тарихы жайлы кеңінен мәлімет берді. «Ассамблея туралы», «Алғыс айту күні» атты видеороликтерді тамашалады. Балалар ризашылық туралы астарлы әңгімені (притча) тыңдап, сұрақтарға жауап беріп, «Дұрыс және бұрыс» ойынын ойнады. Содан соң оқушылар сыпайы сөздерден түзілген «Рахмет» атты сөзжұмбақты шешіп, «Достық бесігі» әнін тыңдады. Іс-шараның соңында оқушылар «Алғыс айту парызымыз» атты кітап көрмесімен танысып, өздерінің ризашылығын білдіретін тілектерін қағазға жазып, плакатқа жабыстырды.