Ақындар әлеміне саяхат
2 сәуір - Халықаралық балалар кітабы күніне орай, мектеп оқушыларының қатысуымен балалар кітапханасында «Кітап – білім көзі» атты кітап апталығының шымылдығы «Ақындар әлеміне саяхат» әдеби кешімен ашылды. Іс-шараның мақсаты – рухани құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және олардың рухани байлығын дамыту. Апталықтың ашылуы кітапханашының құттықтау сөзімен басталды. «Кітап – асыл қазына» атты бейнеролик көрсетіліп, оқушыларға кітаптың адам өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Кеш барысында оқушылар Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев және Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың көрнекті ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, «Жалғасын тап» және «Сыр сандық» ойындары арқылы оқушылар танымал өлең жолдарын жалғастырып, білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Қорытындылай келе, «Ақындар әлеміне саяхат» әдеби кеші өз мақсатына толық жетті. Балалар кітаптың тек ақпарат көзі ғана емес, адам жанын тәрбиелейтін рухани құрал екенін терең түсінді. Апталықтың алғашқы күні жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырды. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, кітап көрмесімен танысты.




