Балалардың сүйікті жыршысы

2023 жылдың 31 қазан күні кітапхананың балалар бөлімінде Балалар жазушысы, ақын, аудармашы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалардың сүйікті жыршысы» тақырыбында әдеби сағат ұйымдастырылды. Мақсаты: қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мұзафар Әлімбаевтың өмір мен шығармашылығын насихаттау; Іс-шараға № 1 мектептің 6 сынып оқушылары қатысты.

Мұзафар Айтмағамбетұлы балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, зор үлес қосқан талантты ақын, шебер жазушы еді. Мұзағаның қаламынан туған жырлар әндерге арқау болып, жүз сексенге жуық өлеңі әнге айналады. Мұзафар Әлімбаев халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы – мақал-мәтелдерді жинаумен қатар, өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударумен айналысқан. Ақынның «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» жинақтары мен зерттеулері бар.

Шара барысында Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығымен, өмірімен балалар әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтылды. М.Әлімбаевтың өмірі жолы мен шығармашылығы жайлы слайд көрсетіліп, оқушылар жазушының өлеңдерін жатқа оқып, жұмбақтар шешті. «Балалардың сүйікті жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, шолу жасалды.