Балалық шаққа саяхат
«Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің балалар бөлімінде 2019 жылдың 11 қазан күні жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Балалық шаққа саяхат» атты тақырыптық кеш өткізілді. Шараға №2 мектептен 4 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: жазушының өмір жолы мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, шығармашылық белсенділік шыңдау, өздігінен білім алуға баулу, Б.Соқпақбаевтың кітаптарын белсене оқуға баулу, оқуға деген қызығушылықтарын арттыру,көркем әдебиет оқу арқылы сауатты болуға тәрбиелеу.
Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегімен, шындықты қарапайым әңгімелеу арқылы мөлдіретіп, көз алдыңа жайып салатын, кейіпкерлерді даралау мен психологиялық бейнелеудің де өзгеше бір жолын тапқан талантты жазушы. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды.
Іс-шара барысында балалар талантты жазушының кітап көрмесімен, өмір жолымен, шығармаларымен танысты. Оқушылар «Мынау кім?» ойынын ойнады. Шарты: суреттеу арқылы «Менің атым Қожа» фильміндегі кейіпкерлерді табу. Содан кейін балалар «Жантас пен Қожа», «Қожа мен мұғалім» диалогтарын рольдерге бөліп оқыды.