Отбасымен бірге оқимыз

2026 жылдың 9 қыркүйегінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Отбасы күніне орай балалар кітапханасында «Отбасымен бірге оқимыз» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыру, ата-ана мен бала арасындағы байланысты кітап арқылы нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді көркем әдебиет арқылы сіңіру;

Дөңгелек үстел форматында өткен кездесуге кітап сүйер отбасылар және жас оқырмандар қатысты. Қонақтар өз отбасыларында қалыптасқан кітап оқу дәстүрлерімен бөлісіп, балалардың жас ерекшеліктеріне сай қандай шығармаларды оқу керектігі туралы , балаларға арналған заманауи қазақ тіліндегі әдебиеттер, ертегілер мен танымдық кітаптар туралы ой бөлісті. Балалар да өздері оқыған сүйікті кітаптары туралы айтып беріп, қатарластарына оқуға кеңес берді. Кездесу соңында қатысушылар кітапхана қорынан арнайы ұйымдастырылған «Отбасымен бірге оқимыз» атты кітап көрмесімен танысты. Бұл бас қосу оқырмандар мен кітапхана арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, әрбір отбасының жүрегіне рухани жылулық ұялатты. «Кітап оқитын ұлт» болу жолындағы осындай игі бастамалар өз жалғасын таба бермек.