Ең қымбат қазына-кітап
2018 жылдың 3 сәуір күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде кітап апталығының екінші күні «Ең қымбат қазына –кітап» атты әдеби монтаж өткізілді. Әдеби монтажға №1 мектептің 2 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: Оқушыларға білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Кітаптың жасалу жолы туралы түсінік беру. Зейіндерін шоғырландыру, шығармашылық қабілеттерін, тіл байлықтарын, ой-өрістерін дамыту. Кітапты құрметтей білуге, ұқыптылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.
Іс-шара барысында балаларға кітап ханшайымы қонаққа келіп кітаптың шығу тарихы, пайда болуы, алғашқы кітап баспалары, кітаптың жасалу жолы жайында мағлұматтар беріп өтті. «Кітаптар мұңы» атты көрініс көрсетіліп, Адырбай, Сотқарбай сынды бұзық та жалқау, сотқар балалардың мектеп оқулықтарын күтіп ұстамайтындықтары басқа оқушыларға ой салды. Әліппе, ана тілі, қазақ тілі, математика сынды кейіпкерлеріміз өз мұңдарын айтып, реніштерін білдіріп, оқулықты күтіп ұстау жайында кеңес берді. Балаларға кітапты қалай күтіп ұстау жайында кеңес беріліп, «Есте сақта» атты нұсқаулықтар таратылды. Презентация көрсетіліп, өлең, тақпақтар оқылып, мақал-мәтелдер айтылып, жұмбақтар шешілді. Әдеби кеш соңы Р.Босилектің «Жақсылардың жақсысы» атты ертегісін оқып, мазмұндаумен аяқталды.