Ерлік-елдік қорғаны
2018 жылдың 4 мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің балалар бөлімінде 7-мамыр Отан қорғаушылар күніне арналған «Ерлік даңқы-мәңгілік» тақырыбында патриоттық кеш өтті. Патриоттық кешке №1 жалпы білім беретін орта мектептің 7-сынып оқушылары және 06708 әскери бөлімі командирінің әлеуметтік-құқықтық тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары, подполковник Батырбеков Есжан Оралбекұлы қатысты.
Мақсаты: Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылуы, Отанымыздың бейбітшілігін сақтаудағы маңызы жайлы терең мағлұмат беру; оқушыларды туған елін, жерін, Отанын, тілін, мәдениетін құрметтеп, тарихты терең бағалай отырып, патриоттық сезімге тәрбиелеу;
Биыл Отан қорғаушылар күніне 26 жыл толуда. 1992 жылдың 7 мамырында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен тарихымызда тұңғыш рет республикамыздың қарулы күштері құрылды. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің ажырамас бөлігіне, заманымыздың жақсы дайындалған, жасақталған, ұрысқа қабілетті армиясына айналды.
Патриоттық кеш барысында оқушыларымызға Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жайында мазмұнды мағлұматтар берілді. Оқушылар отаншылдық рухтағы әсерлі өлеңдерін оқып, күмбірлеген әуезді домбыраның шанағынан күй төгілді. Тал шыбықтай бұралған қыздарымыз биден шашу шашты. Арнайы әзірленген бейнебаян мен кітап көрмесі тамашаланды. 06708 әскери бөлімі командирінің әлеуметтік-құқықтық тәрбие жұмыстары бойынша орынбасары, подполковник Батырбеков Есжан Оралбекұлы оқушыларға айбынды әскеріміздің тарихы және кешегісі мен бүгіні жайында әңгімелеп берді. Отансүйгіш, патриот болу үшін қандай болу керек, бала жастан неге наза аудару керек, осы тұрғыда оқушыларға бағытты да келелі кеңестер жүргізді. Патриоттық кеш еліміздің бейресми әнұранымызға айналған Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындаумен аяқталды.