Мұқағали-поэзияның жарық жұлдызы
Балалар кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Мұқағали-поэзияның жарық жұлдызы» атты поэзия кеші өткізілді. Мақсаты: ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, ақын өлеңдері арқылы адамгершілікке, отансүйгіштікке, рухани байлыққа тәрбиелеу.
Кітапханашы оқушыларға поэзия кешінің тақырыбы мен мақсатын таныстырып, ақынның қазақ әдебиетіндегі орны мен поэзиядағы дара болмысына қысқаша тоқталды. Поэзия кеші барысында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың сыршыл да шынайы өлеңдерімен терең танысып, ақын поэзиясының мәңгілік құндылық екенін сезінді. Кеш жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, рухани байлыққа, туған елді, ана тілін қадірлеуге тәрбиеледі. Мұқағали жырларының жүрекке жол табатын қуаты мен өміршеңдігі тағы бір мәрте дәлелденді. Шара соңында бейнеролик көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды. Ақынның қанатты сөздері оқылып, олардың өмірлік мағынасы талқыланды.




