Отбасы-Отанымыздың ошағы
2018 жылдың 15-мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекмесінің балалар бөлімінде Дүниежүзілік отбасы күніне арналған «Отбасы-Отанымыздың ошағы» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік кешке №1 жалпы орта білім беретін мектептің 6 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: Оқушылардың отбасы, жанұя туралы білімдерін шыңдау, отбасы құндылықтарының маңызын дәріптеу; Баланы ата-анасын, қадірлей білуге, құрметтеуге дағдыландыру; Оқушылардың есте сақтау, ойлау қабілеттерін, тіл байлығын, өз беттерінше жұмыс істеу дағдыларын дамыту; Оқушыларды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке, ептілікке, өз ойын жеткізе білуге, отбасы құндылықтарын сыйлауға тәрбиелеу.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.
Тәрбие сағаты барысында балаларға слайд көрсетіліп, отбасы жайында түсініктеме берілді. Оқушылардың барлығы белсенділік танытып, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз ұл-қыздар әннен шашу шашып, ұлттық үлгідегі билер билеп, отбасы тақырыбындағы өлеңдерді нәшіне келтіре оқып, көпшілік қошеметіне бөленді. Арнайы дайындалған тапсырмалар балаларға қиындық тудырған жоқ. Сауалнамалық сұрақтар мен ататекке байланысты үлестірілген парақшалар оқушылар үшін өте қызық әрі маңызды болды. Жанұя жайындағы логикалық жұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдер айтуда оқушылар тайсалып қалмай, шапшаңдық танытты. Іс-шара өз отбасыларына деген тілектерін айтып, естелік суретке түсумен аяқталды. Кеш соңында, оқушылар «Отбасы-бақыт мекенім» атты кітап көрмесімен танысты.