Парасат майданы — ақыл-ойдың арпалысы
«Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы аясында балалар кітапханасы белгілі жазушы, драматург Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасына арналған «Парасат майданы — ақыл-ойдың арпалысы» атты танымдық сағат №1 мектеп оқушыларының қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты: Жасөспірімдердің кітап оқуға деген ынтасын ояту; Шығарма арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау; Оқушыларды терең ойлауға және өзіндік талдау жасауға баулу. Танымдық сағат барысында шығарманың желісі бойынша арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Визуалды туынды оқушыларды повестің шытырман оқиғасы мен философиялық астарына бірден баурап алды. Сонымен қатар, кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Т. Әбдіктің шығармаларымен қоса, «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұсынылған өзге де авторлардың құнды еңбектері оқырмандар назарына ұсынылды. Кездесудің ең қызықты бөлімі — Жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен әзірленген интеллектуалды ойындар болды. Технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып дайындалған тапсырмалар оқушылардың сыни ойлау қабілетін ұштап, іс-шараның жаңа форматта, жандана түсуіне ықпал етті. Оқушылар үлкен белсенділік танытып, шығармадағы жақсылық пен жамандық арасындағы күресті қызу талқылады. Қорытындылай келе, Төлен Әбдіктің күрделі де терең туындысын талдау арқылы мектеп оқушылары рухани азық алып, кітап оқудың заманауи әрі қызықты бола алатынына көз жеткізді.



