Шығыстың шынары
«Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің балалар бөлімінде 2019 жылдың 19 сәуірі күні ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен заманда ерлермен бірге қару алып соғысқа аттанған батыр қыздарымыздың бірі-Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналған «Шығыстың шынары» атты ерлік сағаты өтті.
Мақсатымыз Әлия Молдағұлованың ерлігі туралы баяндай отырып, оқушылардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру; өзін қоршаған ортада жаман мен жақсыны ажыратып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білуге, батырдың ерлігін үлгі тұтуға үйрету; Отанын қорғай білуге, батырлыққа, ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеу, өз ойын еркін жеткізе білуге төселдіру.
Ерлік сағатына №2 мектептің 10 сынып оқушылары жетекшілерімен бірге арнайы шақырылған болатын. Оқырмандар батыр апамызды бір минут үнсіздікпен еске алып, Әлиянің портреті қойылған, батырдың ерлігі жайындағы естеліктерден шыр шертетін тақырыптық кітап көрмесімен танысып, Ә.Молдағұлова жайлы деректі фильмді тамашалаған болатын.
Әлияның мәңгілік аңыз ғұмыры ХХІ ғасырға аяқ басты. Тәуелсіздік туын көкке көтеріп, күллі әлеммен замана көшіне ілескен еліміздің ертеңі үшін Әлияның ерлігі ұрпаққа үлгі болып, ал аңыз ғұмыры жалғаса берері баршамызға аян. Оның есімі-біз үшін өнеге, біз үшін мақтанышпен айта алатын, тарихта алтын әріптермен жазылған есім. Сондықтан отан үшін отқа түскен батырдың есімі біздің жадымызда мәңгілікке орын алары сөзсіз!