2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында зейнетақы активтері бойынша есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 112 млрд теңгеден асты
Алматы, Қазақстан – БЖЗҚ ресми сайтында зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық портфель туралы толық ақпарат жарияланған. Ол мына сілтеме бойынша қолжетімді:
https://www.enpf.kz/upload/medialibrary/861/86186778f6e13baebb116b60f46b77e6.pdf
Инвестициялық қызмет туралы толық есеп салымшылардың зейнетақы жинақтары қандай нарықтық баға бойынша қандай бағалы қағаздарға және қанша мөлшерде инвестицияланғаны жайындағы мағлұматтардан тұрады.
2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 9 641, 27 млрд теңгені құрады.
Салымшылар мен алушылардың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2018 жылдың наурызы мен 2019 жылдың ақпаны аралығында (өткен 12 ай ішінде) 11,5 пайызға жетті. Дәл осы кезеңде инфляция деңгейі 4,8 пайызды көрсетті. Осылайша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 6,7 пайыз болды.
2019 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 112 млрд теңгеден асты.
2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табыстың құрылымы мынадай:
- бағалы қағаздар, орналастырылған салымдар және «кері РЕПО» операциялары бойынша сыйақы түріндегі табыстар 152,22 млрд теңге;
- бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан орын алған шығындар (16,2) млрд теңге;
- шетелдік валютаны қайта бағалаудан орын алған шығындар (28,94) млрд теңге;
- сыртқы басқарудан түскен табыстар 3,16 млрд теңге;
- басқа да шығындар 2,37 млрд теңгені құрады.
2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі борыштық қаржы құралдарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылына 7,0 пайызды құрады. Оның ішінде теңгеге номинирленгендері бойынша орташа табыстылық – жылдық 8,4%, ал шетелдік валютада – жылдық 3,9% болды.
Қордың зейнетақы активтері портфелінің негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құнды қағаздарына (40,66 пайыз) тиесілі. Бұл табысы ең тұрақты қаржы құралдарының бірі. Есепті күнге қарай теңгеге номинирленген ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуі бойынша орташа табыстылық жылдық 7,2 пайызды, ал АҚШ долларында – жылдық 4,4 пайызды құрады.
2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ҚР квазимемлекеттік ұйымдары облигацияларының портфельдегі үлесі 13,52 пайыз болды. Осы есептік күнге қарай аталмыш ұйымдардың облигацияларының өтелуі бойынша орташа табыстылық теңгеге номинирленген облигациялар бойынша жылына 10,3 пайызды, ал АҚШ доллары бойынша жылына 5,0 пайызды құрады.
Есепті кезеңде шетелдік мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарының ағымдағы құны 1 506,00 млрд теңгеге жетіп, олардың портфельдегі үлесі 15,62 пайызды көрсетті. Сонымен қатар қарастырылып отырған кезеңде жалпы сомасы 158,97 млрд теңгеге шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары өтелді. Есепті күнге қарай БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуіне қатысты орташа табыстылық жылына 3,6 пайызды құрады.
Қордың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының инвестициялық портфелі былайша келтірілген:
ұлттық валютада жасалған инвестиция көлемі – 67,61 пайыз, АҚШ долларында – 31,97 пайыз, басқа валюталарда – 0,42 пайыз болды.
Қордың сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелінің құрылымдық үлестірілімі БЖЗҚ Инвестициялық декларациясына толығымен сәйкес келеді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы
БАҚ үшін байланыстар: press@enpf.kz