«Бес сұрақ» айдары
Мен таяуда декреттік демалысқа шықтым. Осыған байланысты жұмыс беруші менің зейнетақы қорындағы шотыма әрі қарай зейнетақы жарналарын төлей ме? Бұдан басқа, бала күтімімен үйде отырған әйелдерге бюджет есебінен субсидия бөлінетіндігін естідім. Осы рас па?
«Субсидия» деген сөз мемлекет тарапынан ақшалай көмек көрсетіледі дегенді білдіреді. Бұл жерде әңгіме «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдерді алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау қағидаларымен» бекітілген және бала күтімімен үйде отырған аналарға қолдау көрсету үшін енгізілген.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бюджет есебінен субсидияланады және әлеуметтік төлемдерді алушылардың пайдасына Қорға ай сайын төленеді. Яғни, бала бір жасқа толғанға дейін жеке зейнетақы шотына бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы ай сайын зейнетақы жарналары аударылады.
Мемлекеттік субсидия үшін құжат жинап, табалдырық тоздырып, өтініш берудің керегі жоқ. Ол бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны төлеу барысында есептеліп, зейнетақы шотына автоматты түрде аударылады.
Бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы әйелдер үшін бөлінетін бюджеттік субсидияны ескере отырып, ай сайын аударылатын зейнетақы жарнасының мөлшерін қалай есептеуге болады?
Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) жиынтық мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде есепке алынған табыстың 10 пайызын құрайды. Бұл ретте әрине, бюджеттік субсидия мен бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерден ұсталатын МЗЖ ескеріледі. Мысалы, жалақы табыс ретінде қаралуы мүмкін. Бірақ оның көлеміне қатысты шектеу бар. 2019 жылдан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу көзі ретінде алынатын ай сайынғы табыстың мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс (42500*7= 297 500 теңге).
Зейнетақы шотына аударылатын ай сайынғы бюджеттік субсидияның мөлшері – әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыстан есептелетін МЗЖ мен бала күтіміне байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) берілетін әлеуметтік төлемдерден ұсталатын МЗЖ арасындағы айырма сомасы ретінде белгіленеді. Осылайша, әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыстың 10 пайызының 4 пайызы бала күтіміне байланысты Қордан берілетін әлеуметтік төлемдердің есебінен, ал 6 пайызы бюджет есебінен төленеді.
Мысалы, әлеуметтік аударымдарды есептеу нысаны ретінде алынған орташа айлық табыс, яғни жалақы – 100 000 теңге делік. Бұл жағдайда, Қордан бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері – 40 000 теңге (орташа айлық табыстың 40 пайызы) болады. Сәйкесінше әлеуметтік төлемдер есебінен аударылатын МЗЖ – 4 000 теңге.
Субсидияның есептелген мөлшері (СУБ – міндетті зейнетақы жарналарының
ай сайынғы бюджеттік субсидия мөлшері):
СУБ = (100 000 * 10%) — (40 000 *10%) = 6 000 теңге
Осы есептеулерге сәйкес ай сайынғы міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері – 10 000 теңге болады. Демек аналардың зейнетақы шотына республикалық бюджеттен жылына 72 000 теңге аударылады.
Осылайша, декретке дейін жұмыс істеген және жүктілік бойынша демалысқа шыққан әйелдерге баласы бір жасқа толғанша зейнетақы шотына орташа ай сайынғы табыстың 10 пайызы түсіп отырады.
Менің еңбек өтілім өте аз. Жұмыс істеуге ұзақ уақыт мүмкіндігім болмады. Енді мен болашақта қандай зейнетақыға үміт арта аламын?
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы жаңа әдістеме бойынша тағайындалып жатыр. Оған дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленіп келді. Енді оны тағайындарда зейнеткердің зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Егер ол жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 2019 жылы бұл сома – 16 037 теңгені құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін базалық зейнетақының көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан көп болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең.
2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемі 29 698 теңге.
Егер 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі 6 айдан кем болмаса, онда ортақ зейнетақы да тағайындалады. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен төленетін жасына байланысты ортақ зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап (күні бүгінге дейінгі аралық) жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыстың негізінде есептеледі.
Әрине, жиынтық зейнетақының басым бөлігін жинақтаушы зейнетақы басуы керек. Егер қандай да бір себеппен міндетті зейнетақы жарналары төленбеген болса, оны ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен де толықтыруға болады.
Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен үшінші бір тұлғаның атына да аудара алады. Бұл жағдайда үшінші тұлға да жеке басын куәландыратын құжатпен Қорға келуі тиіс. Қажет жағдайда салымшы мен алушының орнына олар сенім білдірген тұлға да нотариат куәландырған сенімхат негізінде өтініш бере алады.
Айта кетелік, кәмелетке толмаған тұлғалардың да ерiктi зейнетақы жарналары бойынша шот ашуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте шартқа кәмелетке толмаған тұлғаның атынан оның заңды өкілі қол қояды.
Заңды тұлғалар да өз кезегінде жеке тұлғалардың, мысалы өз қызметкерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Олар әдетте мұны қол астындағы мамандарды еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды. Заңды тұлғалар ұсынатын құжаттар топтамасы enpf.kz сайтында орналастырылған.
Мен шетелге қоныс аудармақпын. Зейнетақы жинақтарымды қалай алуға болады? Оның жолдары қандай?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн бір мезетте алуға құқығы бар. Бұл ретте бір айта кететін жәйт, басқа елдің азаматтығын алмас бұрын, заң талаптарына сәйкес шетелге кетуге қатысты құжаттарды ресми түрде рәсімдеу керек. Басқа елдің азаматтығын алып болған соң ғана, БЖЗҚ-ға келіп құжаттарды ұсынуға болады. Сонымен қатар, Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, кету ниетiн немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан жинақтарын алуға да құқылы.
Осылайша БЖЗҚ заң талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды қабылдаған соң, 10 жұмыс күні ішінде зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асырады.
Толық ақпарат enpf.kz сайтында көрсетілген.
Таяуда екінші топтағы мүгедектік алдым. Соған байланысты лайықты ем қабылдау үшін зейнетақы жинақтарын алуға құқы бар ма?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес Қордан зейнетақы төлемдері бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі мерзiмсiз болып белгiленген жандарға да төленеді. БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпте жүзеге асыруға міндетті. Бұл тәртіп, оның ішінде Қордан бекітілген тәртіп бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасын есептеу «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 қаулысымен бекітілген, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында» бекітілген. Осылайша, егер екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз болып бекітілсе, Сіз Қордан зейнетақы төлемдерін бекітілген кесте бойынша ай сайын ала аласыз.