Қоржынтүбек – құт мекен
2019 жылдың 2 қазан күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Білім орталығында» жерлесіміз, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының мүшесі, ақын Нұрғали Қыдырмұратұлы Қарабековтің «Қоржынтүбек – құт мекен» аталатын прозалық жаңа кітабінің тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесерге қаламыздағы № 2 орта мектептің және № 1 орта мектептің ұстаздар қауымы мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
Тұсаукесерді аталған кітапхананың қызметкері Фариза Қанағатова ашып, журналист, ақын Н.Қыдырмұратұлының өмірбаяны және шығармашылығы туралы тұсаукесер қатысушыларына таныстырды. Оның бұрынғы шыққан жыр жинақтары туралы баяндады. Жерлес журналист, аймағымызға жақсы жырларымен танымал ақын бүгінгі шығармашылығын журналистикадағы ұзақ жылдар бойына жазып жүрген мақала, очерк, сұқбат, естеліктер мен танымдық мақалаларға арнапты. Сөз кезегі алғаш болып ақын-журналистің өзіне берілді. Ол кісі қатысушылар алдында журналстика саласы мен ақындық жолға түсуі, балалық шақтан бастау алған, әжесінің және ауыл ақсақалдарының ертегі-аңыздарын есітіп өскендігі және сонау балалық кезеңіндегі кітапқұмарлығының арқасында аталған салаға бағытталған асыл арманының жүзеге асуы туралы қызықты әңгіме өрбітті. Жоғарғы сынып оқушыларына арнап өзінің ақыл-кеңесін айтты, кітап оқудың адам жанынына рухани азық сыйлайтынын, өмірде кітаптың көп пайдасы тиетінін ескертті. № 2 мектептің оқытушысы Мария Баймұратқызы Давлетиярова автордың жаңа шыққан кітабымен құттықтап, тілегін білдірді және сауал қойды. Оған автор қанағаттанарлық жауап берді.
Тұсаукесерде журналист-ақынның әріптесі, өзі қызмет ететін «Приозерский вестник» газетінің техникалық редакторы Александр Валентинович Струментов құттықтау сөз сөйлеп, газет редакциясы тарапынан сыйлық табыс етті, алдағы шығармашылық жолына жаңа табыстар тіледі. Қалалық кітаптахана ұжымының атынан осы жолдардың авторы Н.Қыдырмұратұлын құттықтады және ұжымның атынан қазақтың ежелден қалыптасқан дәстүрімен журналист-ақынның иығына шапан жапты. Ақынды бала кезінен өзіне үлгі тұтып, өлең-жырларын сүйсіне оқып-жаттап өскен және осының арқасында өзі де ақындық жолға қадам басып, алғашқы жыр жинағын шығарып үлгерген, өзін Нұрғали ақынның шәкіртімін деп санайтын Бақберген Арысланбаев өзінің Павлодар қаласынан кеше ғана келіп, ұстазының жаңа кітабының тұсакесеріне қатысу бұйырғанын жақсы ырымға жорып, ақ тілегі мен жылы лебізін арнады. Тұсаукесер соңында журналист-ақын осында жиналған оқырмандарымен естелік суретке түсті.
Іс-шара барысында «Қоржынтүбек-құт мекен» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.