Ауғанның от жалыны

 2026 жылдың 13 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай «Ауғанның от жалыны» атты кездесу кеші өтті. Іс - шараға Ауған соғысының ардагерлері Ақмұрзаев Бердібек Тауасқанұлы, Сердалиев Қалмұрза Құрбанбекұлы, ҚР Қарулы күштерінің ардагері Кенжебеков Т.А. және № 44841, 06708 әскери бөлімдердің сарбаздары және «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты. Мақсаты: Ауған соғысына қатысқан ардагерлердің ерлігін жас ұрпаққа үлгі ету. Ауған соғысының тарихи маңызын түсіндіру, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыру. Іс-шара Ауған соғысында дүниеден өткен ардагерлерді еске алу мақсатында 1 минуттық үнсіздік жариялаудан басталды. Кітапханашы Ауған соғысы туралы және соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы деректерден қысқаша мәлімет берді.

    Кездесу кешінде Ауған соғысы ардагерлері өздерінің жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Олар сол кезеңдегі жауынгерлік міндеттері, қиындықтары мен достықтың қадірі туралы әңгімеледі.Ардагерлер жас сарбаздардың бір-біріне деген бауырмалдығы, Отан алдындағы жауапкершілігі ерекше болғанын айтты. Соғыстың ауыр сәттері, қарулас достарын жоғалтқан кездер туралы еске алғанда, зал іші тынышталып, сарбаздар үлкен әсер алды. Кездесу барысында ардагерлер бейбіт өмірдің бағасын білуге, елді сүюге, батыл әрі сабырлы болуға шақырды. Олардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, ерлік пен табандылықтың айқын көрінісі болды. Іс-шара соңында Ауған соғысы жайлы деректі фильм көрсетіліп ардагерлерімізге сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсті. «Ауғанның от жалыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл кездесу кеші сарбаздарға ерлік пен батырлықтың мәнін ұғындырып, бейбіт өмірдің бағасын түсінуге мүмкіндік береді. Ауған ардагерлерінің өмір жолы — елге қызмет етудің, Отан алдындағы борышты өтеудің жарқын үлгісі. Мұндай тағылымды кездесулер ұрпақ санасында отансүйгіштік рухты нығайтады.