Аңызға айналған қаһарман қыз
2019 жылдың 19 сәуірінде «Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің оқу бөлімінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналған «Аңызға айналған қаһарман қыз» тақырыбында патриоттық кеш өтті.
Мақсаты: Әлия Молдағұлованың ерлігі туралы баяндау, оқушылардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру; оның қайсар бейнесі жастар арасында әскери-патриоттық тәрбие жүргізуде өте маңызды. Біздің жас буын осындай батырларды білуі тиіс, олар жайлы естелік сақтап, мақтан тұтулары міндет.
Еліміздің осындай қайталанбас біртуар асылдарының өнегесін үлгі ету, оларды жадымызда мәңгі сақтау мақсатында патриоттық кешке №1 мектептің 10 сынып оқушылары жетекшілерімен бірге арнайы шақырылған болатын. Қатысушылар батыр-қыздың рухына бір минут үнсіздік жариялады.
Дәл осындай ерен ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен, арыстандай айбаттылығымен ерекшеленген қара көзімізді мақтан тұтамыз. Жүрегі «Елім» деп соққан батыр апамызды құрметтеу біздің, әрбір қазақ жастарының парызы. Қазақтың батыр қыздары мен жігіттері туралы өлеңдер, ақпараттар және баяндамалар оқылды. Әлиянің портреті қойылған, батырдың ерлігі жайындағы естеліктерден шыр шертетін «Ұлы даланың батыр қызы» атты кітап көрмесімен танысып, Ә.Молдағұлова жайлы «Әлия» атты деректі және «Снайпер» көркем фильмдерін тамашалады.