Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран
2018 жылдың 4 мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің оқу залында «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбы аясындатарихи-танымдық кеш өткізілді. Іс-шара Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 73 жыл толуы құрметіне арналды. Аталмыш кешке №2 мектептің 9-сынып оқушылары шақырылды.
Мақсаты: «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстана отырып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу. Оқушылардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру, Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүние жүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу.
Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ұлы оқиға. Оның қасиеті мен қасіреті жаныңды түршіктіреді. Әрі ерліктерге басыңды идіріп таң қалдырады. Елбасына күн туған кезеңдерде рух пен намыстың мықтылығы сыналды. Қанға боялған даласы, аңыраған анасы, жетім қалған баласы үшін кектенді. Міне осындай соғыс бұлтын үйірген фашизмнің соғыс жоспарын Кеңес әскерлері күйретті. Ұлы Отан соғысының ерлікке толы қаһарлы жылдары бірте-бірте алыстап барады. Бірақ адамзат дүние жүзін фашистік құлдықтан аман алып қалған халықтың ғажайып ерліктерін ешқашан ұмытқан емес. Фашизмнің айуандық жоспарының сөзсіз күйрегендігін ашып көрсеткенін 1418 күнге созылған сұрапыл соғыстың соңғы нүктесін қойған тарих беттері дәлелдеп берді.
Тарихи-танымдық сағатқа ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ұлы Отан соғысы жауынгерінің ұлы, қаламыздың батагөй ақсақалы Жұбантаев Есен атамыз шақырылды. Ол өзінің соғыс жылдарында өткен қиын да ауыр балалық шағы, Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан әкесінің ерліктері, сол бір сұрапыл жылдардағы Отан үшін от кешкен қайсар да қажырлы, жігерлі жауынгерлер жайында тағылымды естеліктерден сыр шертті. Өзі көзін көрген Б.Момышұлы туралы да әңгіме өрбітті. Оқушылар жауынгер ақын-жазушылар Б.Момышұлы, Ә.Сәрсенбаев, Т.Жароков, Б.Бұлқышев өлеңдерінен үзінділер оқыды. Сұм соғыстың қаһары хақындағы деректі фильм мен Бауыржан Момышұлының мұрағатта сақталған дауысымен жазылған ерлік жайындағы қанатты сөздерін тыңдап, көзайым болды. Майдан даласында шейіт болған боздақтарымызды 1 минуттық үнсіздікпен еске алу рәсімі де ұмыт қалмады. Шара аузы дуалы ақсақалымыз Есен атамыздың бата беріп, естелік суретке тусмен аяқталды.
Оқырмандар назарына «Ұлы Жеңіс- жасасын!» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.