Есімің мәңгі өшпейді

«Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-де қыркүйек айының 28 жұлдызында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына арналған «Есімің мәңгі өшпейді» атты көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтті. Көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына 12-16 жас аралығындағы 20 үміткер қатысты. Үміткерлерге прозалық, драмалық шығармалардан үзінді оқу, мәнерлеп өлең оқу  тапсырмаларын орындау міндеттелді. Оқушылар Оралхан Бөкей туындыларына деген сүйіспеншіліктерін байқау барысында дәлелдей алды. Осыдан-ақ үміткерлердің әдебиетке деген қызығушылықтарын байқауға болады. Оралхан Бөкей еңбектері жастардың әдебиетке қызығушылығын оятатын тамаша туындылар екені даусыз!

Жас толқынның Мұзтаудың мұзбалағына деген құрметін қазылар алқасы таразылады. Әдеби шараның шарты бойынша қазылар алқасы шешім шығару барысында көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық бейне және оқу мәнеріне баса наза аударды.

Әдеби өнер сайысының ІІІ орынын Несіпбек Әмина мен Сұлтан Досымжан өзара бөліссе, ІІ орынды Абдукаримов Бекзат еншіледі. Ал І орынды қаламыздағы қоғамдық-мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрген, жаңа танылып келе жатқан жас ақын, №2 мектептің 9 сынып оқушысы «Қайдасың, қасқа құлыным» туындысындағы мәтінді әсерлендіріп, көпшіліктің көзіне жас іркілтіп, сай-сүйегін сырқыратып Арыстанбеков Нұрасыл қанжығасына байлады. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.  Байқау барысында талапкерлер автордың «Қайдасың қасқа құлыным», «Тортай мінер ақ боз ат», «Ұйқым келмейді», «Жылымық», «Көк тайынша», «Іздегенін тапты ма» шығармаларынан, «Айпара ана» аңызнамасынан үзінділер оқыды.

Оралхан Бөкейдің қалам сілтеген негізгі тақырыбы-адам тағдыры, табиғат, олардың тұтастығы, бірлігі. Адамды ардақтау, оның ұлылығын жырлау болған. Мол әдеби мұра қалдырған тұлға ұлттық көркемөнерімізде өзіндік орны бар ірі суреткер.

01 03 05 06 08 0000009 11 011 012