Күмбірле, күй -домбыра
2018 жылдың 25 қазан күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу бөлімінде қазақтың ұлы күйші-композиторы, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлына арналған «Күмбірле, күй- домбыра» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды. Кешке № 1 мектептің 10 сынып оқушылары мен «Достық» балалар –жасөспірімдер шығармашылық орталығының домбыра үйірмесінің «Балбырауын» ансамблі қатысты.
Іс-шараның мақсаты: оқырман қауымғаҚұрманғазы күйлерінің қазақ өмірінің тілсіз тамыршысы, азаткерлік рухының ұраншысы екенін тағы дәлелдеу;
Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ол өзінің қанатты күйлерімен өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай ғұмыр кешкен жан.
Кеш барысында «Балбырауын» ансамблі халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығын шығармашылығына арқау еткен күйшінің «Адай» күйін, жан дүниеңді балқытып, кейде бекітіп, кейде босатып, еркінен айыратын от жалындай қызу мен дүрілдеген екпінге, делебеңді қоздыратын жігерге толы Құрманғазының асыл мұраларының біріне айналған «Балбырауын» күйімен қоса, қонақ кәде ретінде «Ерке сылқым», «Нәр ағаш» күйлерін нақышына келтіре орындады.
Оқырмандар назарына «Күй атасы -Құрманғазы» атты кітап көрмесі ұсынылды.