Приозерск. Дала төсінде туған қала
Приозерск қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында қалалық кітапханада шаһар тарихы мен тағылымын кеңінен қамтитын «Приозерск. Дала төсінде туған қала» және «Приозерск. Город, рождённый степью» атты қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген өлкетанулық жинақтың салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған жинақ – Приозерск қаласының өткені мен бүгінін сабақтастыратын, қала тарихын, Сарышаған сынақ полигонының қалыптасу кезеңдерін, шаһардың дамуы мен тұрғындарының еңбегін, табиғаты мен мәдениетін баяндайтын тарихи-танымдық еңбек. Кітапта қаланың қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың естеліктері мен тарихи деректер, фотосуреттер және Приозерск қаласының өткені мен бүгінінен сыр шертетін маңызды материалдар топтастырылған. Салтанатты шараға Приозерск қаласының әкімі Ахметов Мансұр Талғатұлы, қала әкімінің орынбасары Алмас Ұлан Алмасұлы, Приозерск қалалық мәслихат төрағасы Исатаев Алтай Нәсіпбекұлы және мекеме басшылары, сондай-ақ қаланың алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап өмір сүріп келе жатқан қала тұрғындары қатысты. Шара барысында кітаптың маңызы мен тарихи құндылығы атап өтіліп, туған қаланың шежіресін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы айтылды. Қала тарихының куәсі болған аға буын өкілдері өз естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін білдірді. Тұсаукесердің ең әсерлі сәті – жаңа жинақтың символикалық лентасын қию рәсімі болды. Бұл сәт Приозерск қаласының 70 жылдық тарихына деген құрметтің, өткенді ұлықтап, болашаққа бағдар жасаудың жарқын белгісіне айналды.