«Алаш идеясының жаршысы»
«Бір ел - бір кітап» акциясы, «Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына» орай «Жыл кітабы – 2017» таңдауына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды. 2017 жылдың 14-қазан күні «Приозерск қалалық кітапханасы» КММ-нің балалар бөлімінде С.Торайғыровтың шығармашылығына арналған «Алаш идеясының жаршысы» атты поэзия кеші өтті. Іс-шараға № 1 мектептің 6-7 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау,оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу.
Ұлт үшін күрескен қайраткер - Сұлтанмахмұт Торайғыров ұлттық идеяның жыршысы. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері «шындықтың ауылын іздеумен» байланысты, реализмі шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның теңденциясы да сыншыл Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Қай кезеңді алып қарасақ та, қоғамның қозғаушы күші жастар болып табылады. Сұлтанмахмұт жастық жігерімен, патриоттық жырларымен жастарға үлгі болады. Өлеңдерінде жастарды оқу-білімге шақырады.
Оқырман ұрпақ - Қазақстанның болашағы десек, поэзия кешіне қатысқан ұл-қыздар сөзімізге дәлел болмақ. 6-7 сынып оқушылары Айдархан Қарлыби, Файзуллаева Ақмерей, Әлібекқызы Жанель, Несіпбек Әмина, Өмірәлиева Аяулым, Несіпбек Нұрсұлтан т.б С.Торайғыровтың «Оқу», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Оқып жүрген жастарға», «Бір адамға» сынды өлеңдерімен поэмаларынан үзінді оқыды.