Бір ел-бір кітап 2022ж
«Бір ел – бір кітап» 2022 акциясы
2022 жылғы "Бір ел – бір кітап" республикалық акциясы аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының барлық шығармалары таңдалды.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын келесі бағыттар бойынша оқу ұсынылады:
1. "Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы",
2. "Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары",
3. "Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздері",
4. "Қазіргі заманғы ахметтану ғылымы".
Қазақстанда республикалық «Бір ел-бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, ана тілге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау және дамыту мен сауаттылық бағдарламасын арттыруға, рухани мұраны сақтауға және оқуға деген жәрдемдесу болып табылады.
Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде және елімізде атап өтеді. Қазақ елі үшін Ахмет Байтұрсынұлы ерекше тұлға, ол мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы.
Ахмет Байтұрсынұлы (5 қыркүйек1872 жыл, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданыАқкөл ауылы – 8 желтоқсан1937, Алматы) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш-Орда өкіметінің мүшесі.
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
«Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша кітапханада жыл бойы тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылған.