Ерлік ұрпаққа мұра
2018 жылдың 11 мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде «Бір ел, бір кітап» акциясы аясында аты аңызға айналған Қазақ халқының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасына арналған «Ерлік ұрпаққа мұра» атты естелік сағаты өтті. Іс-шараға № 2 мектептің 9 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: Б. Момышұлының өмірі мен шығармашылығына тоқталу, мәтінді мәнерлеп, түсініп оқуға дағдыландыру; мазмұнын, тақырыбы мен идеясын ашу, кейіпкер бейнесін терең таныту; оқушылардың тілін, сөздік қорын дамыту.
Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі(1974) - халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбет өте шынайы суреттеледі. Мемлекеттік сыйлыққа 1976 жылы ие болған «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған. «Ұшқан ұяда» әлем тарихы, жаратылыс шежіресі, жан-жануарлар болмысы, қауымының қалыптасуы, әлемнің пайда болуы, тірлік, өмір туралы алғашқы мағлұматтарды, азаматтық тұрғыдағы аңыз-әңгімелерді әжесінен естігенін үлкен сүйіспеншілік сезіммен есіне алған, сондай-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін, нені сүйіп, неден аулақ жүруді әжесінен үйренгенін мақтан етеді.
Кештен оқушылар халық қастерлісі атанған батыр жайлы мағлұмат алып, көкейге қонымды ойлар түйді. Шығарманы талдауда белсенділік танытқан оқушыларға алғыс білдірілді. Іс-шара барысында оқырмандарға «Бір ел, бір кітап» акциясына арналған көрме таныстырылып, Бауыржан Момышұлының өз дауысымен жазылған бейнеролигі тыңдатылды. Көрмеге жазушы туралы газет-журнал материалдары, шығармалары ұсынылды.