«Бір ел – бір кітап» 2024 акциясы

      «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы елімізде  2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп келеді. Жазушы, балалар әдебиетінің классигі, 2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін Бердібек Соқпақбаевты оқуды бірауыздан қолдады.

     Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық  әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.

       «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында 2024 жыл бойына ел болып қазақ прозасына ғажайып сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы Б.Соқпақбаевтың шығармаларын оқу ұсынысы қабылданды.

      Биыл балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қаламгер Алматы облысы Нарынқол өңірінде туды.

     Бердібек Соқпақбаев – әлем таныған жазушы. Балалар әдебиетінің классигі. ХХ ғасырда қазақ әдебиетін Хантәңіріндей биігіне көтерген қарымы бөлек  қаламгер, таудай  талант. Өзі өмір сүрген ортаның  кезең  келбетін  көз алдыға келтіре  кескіндеген, заманның шындығын жүрек сыздата  суреттеген, сол бір уақыт, сол бір күндердегі ел өмірін мөлдірете, жан-жүректі елжірете  мүсіндеген  алғыр  ойлы, қайсар мінезді, қайтпас  рухты  шоқтығы биік ұлы тұлға. Тарихтың тозбасындай, шындықтың  өлмейтініндей Бердібек Соқпақбаевтың да бүкіл шығармалары сан мыңдаған, миллиондаған оқырманның жүрегіне жылы жазылып, өшпестей сақталып, жатталып  қалды.

        Таулы аймақтың әсем табиғаты мен адам тағдырын шығармаларына арқау етті. Оның «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» сынды қазақ әдебиетін байытқан тамаша туындыларын әлем таныды. Бердібек Соқпақбаев қазақтың сөз өнеріне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген қаламгер. Балалар мен жасөспірімдерге арналған көптеген әңгіме, повестері жарық көрді. Ал «Менің атым Қожа» повесінің желісі бойынша түсірілген фильм жазушы атын әйгіледі. Жарты ғасырдан аса уақыт өтсе де бұл кино көрерменнің ыстық ықыласына ие болып келеді. Жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеген. «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар» секілді шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған.

        Бүгін ХХІ ғасырда кітаптары сөреден таптырмаса да, жүректерге жатталып қалған Бердібектей жазушы бақытты қаламгер. Халқы сүйген, қалың оқырманы  бағасын  бере құрметтеген жазушы. Өлмес туындыларымен Мәңгілік Елдің көгінде жарық жұлдыздай жарқырап қана тұратын  сондайлық  ыстық бейне, қымбат  жүз, құрметті есім! 

       Баршаңызды  Бердібек Соқпақбаевтың  шығармаларын  бірге оқуға шақырамыз!

        «Бір ел-бір кітап» акциясы бойынша кітапханада жыл бойы тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылған.

 

 

 

 

 

«Приозерск қалалық кітапханасы» КММ

«Бір ел-бір кітап-2024» республикалық  акциясы аясында

өтетін іс-шаралар жоспары

 

Іс-шараның атауы

уақыты

Өтетін жері

Күтілетін адам саны

1

«Балалар әдебиетінің бәйтерегі»

Әдеби кеші

22

ақпан

кітапхана

30

2

«Менің атым Қожа» повесі бойынша оқырмандар конференциясы

18 сәуір

кітапхана

31

3

«Өлгендер қайтіп келмейді» роман

Кітапты талқылау

16 мамыр

кітапхана

31

4

«Халқы сүйген қаламгер»

Шығармашылық кеш

25 қыркүйек

кітапхана

31

5

«Көрікті ой,көркем тіл»

Әдеби қонақжай

16 қараша

кітапхана

32