БІР ЕЛ – БІР КІТАП - 2026

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен жүзеге асатын «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында 2026 жылға оқуға ұсынылған шығарма ретінде Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы таңдалды.

     Жазушы Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесі, Шәуешек ауданы, Тарбағатай аймағының Малдыбай ауылында дүниеге келген. 1965 жылы қазіргі Әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.  Алғашқы туындылары Шыңжан өлкесінен шығатын “Шыңжаң” газеті мен “Шұғыла” журналдарында жарияланған. 1967 жылы “Жас дәурен” деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. Мұнан кейін жазушы қаламынан әр жылдары туған “Қаздар қайтып барады”, “Сары жайлау”, “Шарайна”, “Сәйгүліктер” сияқты әңгіме және повестерінің жинақтары баспа бетін көрді.Жазушы Қабдеш Жұмаділов өз көзімен көрген, өзі басынан өткерген тарихты арқау еткен “Соңғы көш” роман-дилогиясының авторы. Бұл романда қазақ халқының ХХ ғасырдағы тағдыр талайы шынайылықпен, шеберлікпен өрнектелген. Қаламгердің тарихи оқиғаларды және бүгінгі күн шындығын арқау еткен “Көкейкесті”, “Атамекен”, “Тағдыр” романдары қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ халқының даңқты тұлғасы, әйгілі батыр Қаракерей Қабанбай өмірін және батыр өмір сүрген кездегі аласапыран оқиғаны назарға алған “Дарабоз” роман-дилогиясы жазушының кейіпкер характерін жасаудағы өзіндік ерекшелігін танытқан туынды. Бұл романның бірінші кітабы 1994 жылы, екінші кітабы 1996 жылы жарық көрді. 1999 жылы “Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романы оқырман қолына тиді.

    Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы – қазақ халқының ХХ ғасырдағы ауыр тарихи тағдырын, әсіресе Шығыс Түркістандағы (Қытай жеріндегі) қазақтардың өмірін суреттейтін шығарма. Романда туған жерден ажырау, ел үшін күрес, азаттыққа ұмтылу, қуғын-сүргін, көші-қон сияқты күрделі мәселелер қамтылады. Басты кейіпкерлердің тағдыры арқылы қазақ халқының ұлттық болмысы, еркіндікке деген рухы, тарихи әділетсіздікке қарсы күресі көрсетіледі. Шекара сыртында қалған қазақтардың тұрмысы, Қытай билігінің қысымы, елге оралу арманы мен күресі терең бейнеленеді. Қабдеш Жұмаділов ХІХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі шекара бөлінісін арқау еткен “Тағдыр” романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иемденді.

     Барша оқырман қауымды ұлттық әдебиетіміздің жауһар туындысын бірге оқып, бірге ой толғап, рухани кемелденуге шақырамыз.