ҚАРТТАР СӨЗІ-АСЫЛ ҚАЗЫНА

Елімізде 1-қазан күні атап өтілетін Қарттар күні алдын ала мерекеленіп, егде  жастағы адамдарға  құрмет  көрсетіле  бастағаны  баршамызға мәлім. Бұл мерекеден біздің қаламызда тыс қала қоймайтыны белгілі. Осыған орай 2016 жылдың 29-қыркүйегінде «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу бөлімінде «Қарттар сөзі-асыл қазына» атты кездесу кеші өткізілді. Жалпы іс-шараны өткізу барысында жас жеткіншектерді үлкенді сыйлап, тыңдай білуге, халқының салт-дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеу басты мақсат етіп қойылған. Кімде кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі немесе ата мен әжесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол өз үйіне олардан артық құдайдың құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің иесі оларға дұрыс қарап, қамқорлық жасаса, қартайған ата-анасы оның отбасының құты болып табылады. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар»-деп қазағым бекер айтпаған.

        Кездесу кешіне өнегелі отбасы саналатын, қаламызда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға белсене атсалысатын ,сондай-ақ  кітапхананың тұрақты оқырмандары болып саналатын бір топ қарт аталарымыз бен аналарымыз шақырылған екен. Құрметті қонақтар мерекеге сай жайылған дастархан басына жайғасып, ыстық шай ішіп, тәтті тағамдардан дәм татқаннан кейін оқушы жастар мен қарттардың арасында қызу әңгіме басталып та кетті. Қарттарымыз өз өмірлерінен сыр шертіп, жеткіншек жастарға тәрбиелік мәні бар өсиеттері мен ақылдарын айтып отырды. Сонымен қатар қарттар жастардың қойған сұрақтарына тұщымды да түсінікті жауаптарын берді.

    Сондай-ақ, кездесу барысында  өнерлі оқушыларымыз қарттарға арналған өлеңдерін оқып, әндерін шырқап, билерін де билеп берді. Қарттарымыз да құр алақан емес екендіктерін білдіріп, бірі домбырада, бірі сырнайда ойнап, әсем әндерін шырқап жатты. Кеш соңынан мекеме басшылығы тарапынан қарт оқырмандарға  алғыс хаттар табыс етілді. Асыл қазынамыз-қарттарымыз кештен зор әсер алып, үйді-үйіне көңілді тарқасып жатқанын олардың жылы да мейірімді жүздерінен байқау қиын емес те еді. «Қарттар сөзі-асыл қазына» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып,оқырмандар назарына ұсынылды.  

IMG_2096 IMG_2137 IMG_2197 IMG_2199 IMG_2214