Новые книги

Үркертолғақ

Жас ақын Серікбай Әбілмәжіннің бұл алғашқы жыр жинағы ақынның нүкте мен шексіздікке, өткен шақ пен бүгіннің жұмбақ елесіне  деген аңсары hәм сағынышы шерлі жүрек шертпесіндей сыр аңғартады.

Тауда туып, орман жырына сусындаған, көкжал мінезді, қаршыға серпінді жас шәйірдің биіктікке ұмтылып, тұңғиыққа батқан, сағыныш пен махабатқа тұнған сері жырлары жүректерге жол табары шүбасыз. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Қоңыраулы үн

Қоңыраулы үн деп аталатын осынау жыр жинағына Қытайдағы қатары қалың қазақ ақын қыз-келіншектерінің бірсыпырасының өлеңдері топтастырылған. Жас мөлшерлері әртүрлі, атқаратын қызметтері әрқилы шетелдік ақын қыз-келіншектердің шығармашылық қолтаңбасын қазақы болмыс, нәзіктік пен сезімталдық айқындайды.

Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы

Атажұрттан қияндап ұзап, алыстағы шүй жеріне қоныс тепкен қазақтардың дүрбелеңге толы өмірі ресейлік Пионер Мұхтасыровтың Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы кітабында нақты деректерге сүйене отырып көрсетіледі.

Автор тақырыпты толық ашу үшін көркем әдебиет пен деректі прозаға тән тәсілдерді шебер ұштастыра білген. Өткен күн, аққан сумен бірге көмескіленіп сөнуге, жоқ болуға тақаған ежелгі шешендік дәстүрлеріміз бұл кітап арқылы жадымызда қайта жаңғыра түседі.

Нұрмолда Алдабергенов

Ұрпағына өнегелі өміршең іс қалдырған халқымыздың ардақ тұтар асыл азаматтарының бірі Нұрмолда Алдабергенов.

Оның бар ғұмыр ел-жұртына тек адал қызмет істеумен өтті. Бүкіл бір дәуірдің қуаныш пен қайғысын, жақсылығы мен жамандығын тең көріп, тең көтерген нар тұлға Нұрекеңнің қилы да, қызық тағдыры бұл кітапта еш қоспасыз аса шыншылдықпен баяндаладыКітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Таңдамалы І том

Көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың бұл жинағында әр жылдары жазған таңдаулы туындылары енгізілген. Қашанда өлеңді өмір суреттерімен, ашық бояумен елестететін қаламгер жаңашылдығы  - оның тілінде, бейнелік сипатында.Көркемдік көрігінен шыққандай төрт бөлімнен тұратын жинақ көпшілік көңілінен шығар деп сенеміз.

Қазақ тіл білімінің мәселелері

Басты рухани қазынамыз саналатын ана тіліміздің кумулятивтік қызметін жан-жақты ашып көрсететін, тарихи морфология мен лексикологияның өзекті теориялық мәселелерін сөз етіп зерттеуші еңбегі тілші ғалымдарға және көпшілік тіл жанашырларына арналған.

Хайуанаттар туралы ертегілер

Қазақ және орыс ертегілерінің желісімен дайындалып, түрлі түсті суреттармен көркемделген ертегілер жинағы балалар кітапханасын толықтырады. Тілі жеңіл, қабылдауға оңай, танымдық деректері мол жинақтың балаларға берері мол.

Абылай ханның арманы

Белгілі жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Думан Рамазанның бұл жаңа жинағына пьесалары мен аудармалары, әдеби сын мақалалары мен жолжазбалары топтастырылған.

Түркі халықтарының ертегілері

Халық ауыз әдебиетінің ерекше бір қызық та құнарлы түрі – ертегілер. Аталған жинақта Алтай, Әзербайжан, Башқұрт, Қазақ, қырғыз, Өзбек, Татар, Түрік ертегілерімен қатар т.б ұлттардың небір тамаша ертегілері қамтылған. Халықтардың ерте дәуірдегі тұрмыс тіршілігінен және ой-арманынан туған бұл ертегілердің тілі жеңіл, тәрбиелік, танымдық маңызы зор. Жинақ жас оқырман балаларға арналған.

Корей елінің халых ертегілері

Корей ертегілері – Корей елінің ертедегі өмірі мен тіршілігінен хабар береді. Танымдық және тәрбиелік мәні зор ертегілердің тілі жеңіл әрі мазмұны қызықты. Корей тілінен аударылған ертегілер жинағы балаларға және корей халқы туралы оқып-білгісі келетін оқырмандарға арналған.