Астана: өлеңдер мен әндер.

Жиырма жыл ішінде әсем шаһарға айналып үлгерген бас ордамыз жан дүниесі нәзік шығармашылық иелерін қанаттандырып, оларға тың тақырып, жаңа серпін берді. Қара сөздің қайнарынан нәр алған ақындар ойлы да отты жырларымен арқа төсіндегі көрікті қаланы жырмен өрсе, композиторлар бас қаланы назға да сазға толы рухты әндерімен тербеді. Осы жылдар ішінде елорда туралы қаншама шырайлы, шынайы дүние­лер туды. Соның бір парасы осы жинаққа еніп отыр.

Кітаптың алғы сөзін ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы жазыпты. Ол «Астанадай аймаңдай қаланың болашағына үлкен құрметпен қарау – ұлттың әр перзентінің қасиетті борышы! Соның ішінде ақынжүректі пенденің махаббаты бөлекше боларын ел біледі. Алты құрлық көз тігіп отыр­ған Алтын орданың заңды жалғасы, әлемге тарыдай шашыраған әр қазақ баласының арқасүйері, келешек ұрпақтың кемел болашағы ол – жалғыз тұғыр, жалқы шың – Астана болмаққа керек» деп төгілтіп жазыпты.