«Бірлік туы» газеті. 1917-1978 жылдар.
Кеңестік басқару кезінде қазақ халқының көзі, құлағы бола білген басылымдарды зерттеп, негізгі мақсаты мен мәнің анықтап, болашақ ұрпаққа жеткізіп, таныстыра білу қазіргі таңда аса маңызды. Негізінен қазақ журналистикасы тарихында, жалпы мерзімді баспасөз тарихында ұстанған бағыттары мен мақсат-мүдделері, тарихы мен тағдыры ұқсас болып келетін, бір арнаға тоғысумен ерекшеленетін басылымдар өте көп екені баршамызға мәлім. Сол себепті ұлттың бірлігін, тұтастығын қорғаған ұлттық биресми басылымдардың дүниеге келуін сол заманғы елде орын алған саяси оқиғалардан бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені баспасөз басылымдарының пайда болуының өзі елдегі жағдайлармен тығыз байланысты болған. Саяси ұғымнан, көзқарастан, өзгерістерден бейхабар халық үшін елдегі оқиғаларды саралап түсіндіретін, хабар беретін көз керек болатын. Осыған сәйкес бейресми басылымдардың ішінде «Бірлік туы» газетінің де өзіндік алар орны, көтерген ауқымды мәселелерінің күрделілігі жағынан ауыр салмағының бар екендігі анық.