Кекілбайұлы Ә. Құсқанаты.

... Ол кездерде Аққаймаққа сақалдары шошаңдаған ақ шұ­нақ шалдардың айтып отыратыны әншейін асылық әңгіме сияқтанатын. Мола екеш моланы да иемденіп, еміренудің не жөні бар деп ойлаушы еді. Сөйтсе, кісі мола екеш молаға да бауыр басып, оны да өзімсінеді екен. Атамекен, ата-су болатыны сияқты, ата қауым да болады екен. Күні кеше соғыста өлгендер жарық дүниемен қоштасып жатқанда, кімнің көз алдына не елестеп, әркім өзі үшін ең аяулы нәр­сені еске алғанда, біздің ауылдың талай жігітінің көз алдына тап осы жермен-жексен ескі мола көрініп, «Дүние-ай, соның кебір топырағына да жеткізбедің-ау», – деп налымағанына кім кепіл. Тірі адам ет жақын, ниет жақынынан жылы сөз дәметсе, өлген адам ыстық көз жасын дәмететін шығар.