Мағауин М.: Аласапыран
1984 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, өресі биік тарихи роман 1588–1610 жылдар аралығында Еуразия кеңістігінде орын алған қилы-қилы оқиғалар, қазақ халқының ұлттық санасы, мемлекеттік құрылымы, көрші жұрттармен ара қатынасы, сол замандағы белгілі тарихи тұлғалардың болмыс-бітімі турасында сыр толғайды. Роман-дилогияның бірінші кітабы Қазақ Ордасында басталып, Ібір-Сібір жұртында өрістеп, Ресей жері — Орыс патшалығына ойысады. Сөйтіп, бас кейіпкер Ораз-Мұхамед тағдыры арқылы тұтас бір тарихи дәуірдің суреті жасалады. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.