Сәдуақас Тортай Қазиұлы. Астана аймағы.

Бұл жинақ – тәуелсіз еліміздің астанасы Ақмола өңірі мен Елорда өмірі туралы тарихи еңбек. Кітапта «Еуразия кіндігі» - Акмоланың бұрын да Орта Азия мен Ресейді байланыстырып тұрған саяси-әкімшілік, сауда-саттық орталығы ретіндегі маңызды рөлі баса көрсетіледі. Ақмола аймағындағы алғашқы мектеп-медреселердің нақты тарихы баяндалады. Мұнда еліміздің кіндік тұсы, Сарыарқа аймағындағы осыдан бір жарым ғасыр бұрын және одан кейінгі кезеңде хатқа түсіп сақталып қалған ел, жер-су атаулары, ауылдар мен болыстар, сол кезде өмір сүрген адамдардың нақты аты-жөні, тұрмыс-тіршілігі толық мәліметтермен беріледі. Және бұл құнды материалдар тұңғыш рет жарық көріп отыр.

Жағрапиялық-тарихи орналасу жағынан да қазақ елінің орталық аймағы саналатын Сарыарқа өңірін саналуан тарихи жағдайларға байланысты үш жүздің талай ру-тайпалары ен жайлап, еркін араласқан тұстарыаз болмаған. Жинаққа енген материалдар ауқымынан еліміздің осынау ежелгі бауырмалдық дәстүрін айқын аңғаруға болады. Абылай хан, Бөгенбай, Олжабай батырлар орда тіккен қасиетті мекенге Көшім хан мұрагерлерінің, қаракерей Қабанбай, шапырашты Қарасай, алшын Қаражігіт би, албан Шағаман батыр, табын Жарбол батыр, дулат Балуан Шолақ бабаларының хикаялары да жанасады. Еңбектенақты көрсетілгендей, көрнекті мемлекет қайраткері Д. Қонаев аталарының (Ысты) Семей жақ бетте, Тобықты елінің ішінде жайлап жүргені де сол ізгі дәстүрдің бір жарқын мысалындай.

Кітапта, сондай-ақ аға сұлтандар Қонырқұлжа, Ы. Жайықбаев, Құнанбай, Алшынбай, Қотыраш, Игілік би, Оспанқұл, Шоң Телғозин т.б. елағалары туралы нақты мағлұматтар, олардың мөртаңбалары мен қолтаңбалары, шежіре үлгілері қамтылған. Кітапқа енген материалдар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының құжаттары негізінде әзірленді.