2017 жылдың 31 мамыр күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу бөлімінде 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Жазықсыз жапа шеккендер» атты еске алу кеші өтті.
Іс-шараға №1 мектептің 10 сынып оқушылары қатысты.
Мақсаты: саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу. Олардың өмір жолдарымен оқырманды тереңірек таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа әр кітап арқылы өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елінің , жерінің адал патриоттары болуға баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу. Өткенді ескермей болашақты құру мүмкін емес. Сондықтан 1927-1953жж. ақтаңдақтар ақиқатын түсіндіруге ұмтылу.
31 мамыр «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, 1997 жылы Елбасымыз жарлыққа қол қойған. Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Іс шара барысында Саяси репрессия туралы видео ролик көрсетіліп, «Ер есімі, ел есінде», « Тарихтан тағылым-өткенге тағзым » атты кітап көрмелері оқушылар назарларына ұсынылды.