Алғысым шексіз
2017 жылдың 1 наурызында көктемнің алғашқы күніне тұспа-тұс келген алғыс айту күніне орай «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде «Алғысым шексіз» атты тақырыпта тәрбие сағаты өтті.
Мақсаты: балалардың «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, ризашылық пен алғыс сөздерімен таныстыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруге,адамгершілікке үйрету.
Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады.
Өткізіліп отырған тәрбие сағатына №2 ЖОББМ-нің 8-9 сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара барысында жүргізушілер «алғыс айту» күнінің мағынасын ашып түсіндіріп, келген оқырмандардан мәдениет, қайырымдылық, төзімділік сөздерінің мағынасын сұрап, ой бөлісті. Сонымен қатар слайдтар, видеороликтер көрсетіліп, қатысушылар би билеп, өлең шумақтарын оқыды және «Алғыс марафоны» өткізілді. Оқушылар әр түрлі фигурада «Мен .......... үшін рахмет айтқым келеді» деп жазылған сөздерді жалғастырып, газет бетіне суреттер ілді.
Тәрбие сағатында «Алғыс айтамын баршаңызға», «Ризашылық пен алғыс» атты кітап көрмелері оқушылар назарына ұсынылды.