«Ателье көрме»
15 сәуір күні «Приозерск қалалық кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балалар бөлімінде апталықтың үшінші күні аталып өтті. Жоспарға сай «Ателье көрме» ұйымдастырылған болатын. Қазіргі кезде дәстүрлі емес көрмелер кеңінен насихатталуда.
Дәстүрлі емес кітап көрмелердің түрлері кітапханада соңғы он жылда пайда болды. Оқырмандардың көбейіп бара жатқан талаптарын және әртүрлі қызығушылықтарын ескере отырып, кітапханашылар көрмелерді одан да қызығырақ және көркем болуын қалайды. Сол үшін әр түрлі әдіс тәсілдер қолданылады. Себебі мұндай көрме түрлері оқырманның қызығушылығын арттырып, өзіне бірден қаратады. Аталмыш көрменің мақсаты: келген оқырмандарды «Шебер қолдар» үйірмесінің жұмыстарымен жақын таныстыра отырып, оларды өнерге, шеберлікке, ісмерлікке баулу. Сонымен қоса шеберлік сағаттарын өткізу арқылы, қол өнерге деген құлшыныстарын одан әрі дамыту.
Шеберлік сағатын кітапхананың тұрақты оқырманы, жас та болса саусағынан өнер тамған 6 сынып оқушысы Беғазықызы Мадина жүргізді. Іс-шараға 9-10 сынып оқушылары өздерінің жетекшілерімен бірге қатысқан болатын. Мадина өзінің әпкелеріне, құрбыларына, және кітапхананың ең кішкентай оқырмандарына қазіргі кезде ғаламтор арқылы көпке белгілі, бірақ екінің бірінің қолынан келе бермейтін түрлі-түсті ризиналармен жұмыс жасауды үйретті.
Келген оқырмандарды өзінің жасаған жұмыстарымен де таныстырды. Оқырмандардың көңілінен шыққаны соншалықты олар әр түрлі сұрақтар қойып, тіпті кейбірі үлкен шыдамдылықты талап ететінін мойындап жатты.Сабақтың мақсаты да сол болатын: яғни әрбір қолдан жасалған бұйымның үлкен еңбекпен келетінін дәлелдеу. Сондықтан да шебердің қолынан шыққан нәрсе әр кезде де сапасын жоғалтқан емес. Біз әр кез осындай өнерлі оқырмандарымызбен мақтанамыз!
Балалар бөлімінің кітапханашысы:
К.Курманбекова