Жаңа кітаптар келді
Досанов Сәбит. Он екі томдық таңдамалы шығармалары: 5 том.Жиырмасыншы ғасыр. Роман – эпопея.
Қазақтың әйгілі жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың және М.Шолохов ат.Халықаралық сыйлықтың лауреаты С.Досановтың он екі томдық шығармаларына таңдамалы еңбектері енгізілді.
Жазушының 5 томына «Жиырмасыншы ғасыр» роман – эпопеясының екінші кітабы берілген.
Төлеген Момбековтің туындылары. Толғау.
Кітапта көрнекті күйші – композитор, Қаратау күйшілік мектебінің озық өкілі Төлеген Момбековтің (1918 - 1997) өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктер, оның орындауындағы халық композиторларының күйлері, сондай – ақ күйшінің өз жанынан шыққан туындылары топтастырылған. Сонымен қатар Төлеген Момбековтің бұрын жарық көрмеген терме – жырлары да жарияланып отыр.
Жинақ домбыра пәнінен білім алушыларға, күйтанушыларға ұсынылады.
Фариза Оңғарсынова. (Естеліктер)
Бұл естелік кітап – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық ақыны Фариза Оңғарсынова өміріне арналған.
Адам тіршілікте өз заманы, өз замандастары ортасында Өз тұлғасын сомдап жатады. Ақындығы арқылы өз жүрегін қалың оқырман жүрегіне жалғап өткен Фариза туралы сол замандастары, әріптестері, жолдас –жора, достары оның Адамдық тұлғасын: қайраткерлігін, қамқорлығын, қайсар мінезін, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысын есте сақтаған естеліктері арқылы бізге баяндайды.
Естеліктер жинағы бүгінгі оқырманға арналғанмен, негізгі мақсат – келешек ұрпақ үшін, Фариза ақынның қарапайым тіршілік ортасында қандай болғандығын, болмыс – бітімін, сан – қырлы мінезін, таным – талғамын жеткізу болды. Қазақ поэзиясының Падишасы атанған Фариза ақын туралы айтылған естелік – әңгімелер қаз – қалпында, еш әсерлеусіз жарияланды, құрастырушының мақсаты да осы болды.
Тойбай Аршагүл. Даланың дана арулары.
Белгілі журналист Аршагүл Тойбайдың «Даланың дана арулары» атты жинағында бағзы заманнан бергі қилы кезеңде ерен ерліктерімен, өжет, қайсар мінездерімен, парасат-пайымымен, даналығымен халық жадында мәңгі сақталған қазақтың батыр қыздарының, қадірменді аналардың бейнесі сомдалған. «Ел бастаған ер ханымдар», «Аңызға айналған ақ жаулықтылар», «Халқын қорғаған қаһарман бикештер», «Абыз аналар», «Алашты аузына қаратқан арулар», «Ағартушы арулар», «Қуғын-сүргін құрбаны болған асыл жарлар», «Талантымен танылған тұлғалар» деген тарауларға бөлініп жазылған кітаптың қалың оқырманға берер танымдық, тәрбиелік мәні зор.
Қазақ телевизиясы. Энциклопедия.
Әлемдік өркениет көшінің бойындағы ұлан – ғайыр сапарда қалың көрерменнің күнделікті сырласы мен сыйласына, ақылманына айналған өнер музасының бірі әрі бірегей – көгілдір экран. Әрбір үйдің төріндегі сырлы да сыршыл теледидардың ғасырға жық қалың қатпарлы өмір деректерінде қол жеткен жетістіктері мен уыстан шығарып алған сәттері де, адамзатқа сыйлаған шаттыққа кезеңдері де мол.
Кітапта танымал тұлғаларға, әр жылдарда көрермен жадында жатталып қалған бейнелі бағдарламаларға, болашаққа жол сілтер танымдық ойларға молынан орын берілген. Сонымен бірге оқырмандар мен тележурналистер жаһандық әрі отандық телеарналар тарихы мен қазіргі күннің сандық телевизиясы жайлы да тың және қызғылықты деректерден, айшықты кестелер мен өткен күндер тарихынан сыр шертер суреттерден, мазмұнды да мағыналы мәліметтерден хабардар болады.
Жүністегі К. Соңғы абыз.
Қарымды қаламгер Кәмел Жүністегінің шығармашылығымен оқырман кеңінен таныс.Оның қаламынан шыққан «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу» атты кітаптарын, «Құба белдер» трилогиясын және «Көксеңгірдің тасында» повестер мен әңгімелер жинағын жұртшылық жылы қабылдаған болатын. Жазушының «Соңғы абыз» романы әдебиетіміздегі зар заман деп аталған әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі-Шортанбай ақын өмірі мен сол тұстағы қазақ елінің жай-күйін көрсетуге арналған. Жырау өмірін жан-жақты зерттеген жазушы өз романында сол кезеңдегі қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігін, ел ішінің жай-жағдайын, заман тынысын айқын танытуға тырысады.
Роман тілі тартымды, шұрайлы.
Аманаты Алаштың. Балаларға арналған энциклопедия.
«Аманаты Алаштың» балаларға арналған энциклопедиялық басылымның мақсаты XX ғасыр басында Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегін жастарға үлгі ету. Алаш алыптары, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш Орда үкіметі туралы жарық көрген еңбектер де, электрондық жүйеде ақпарат та бүгінде аз емес. Дегенмен Отанын сүйетін жастарға Алаш қайраткерлерінің елі үшін, халкы үшін басын бәйгеге тігіп күрескен ерлігін жүйелі түрде қысқаша жинақтап көрсететін арнайы басылымның қажеттігі анық. «Аманаты Алаштың» балаларға арналған энциклопедиясы осы мақсатта дайындалған.
З.Наурзбаева, Л.Калаус. Алтын тостағанды іздеу: Бату мен оның достарының бастан кешкендері.
Шығармада Бату атты бала мен оның достарының басынан кешкен оқиғалары негізінде, ертегі – аңыз кейіпкерлері мен тарихи деректер тәуелсіздік кезеңінің бүгінгі шындығымен байланыстырыла суреттелген Шым-шытырық оқиғалар жанрында жазылған хикаят жас жеткіншек оқырмандарды қызықтырып, қиялына қанат бітіретін тартымдылығымен баурайды.
Нұржеке – ұлы Бексұлтан. Орбұлақ өнегесі.
Бұл кітап Орбұлақ жеңісінің 375 жылдығына орай шығарылып отыр. Жинақ 3 бөлімнен тұрады.
Негимов С. Шығармалары.
Бұл томда қазақтың би-шешендерінің елшілдік, мемлекетшілдік істері, дипломатиялық қызметі, тапқырлық, көсемдік, ойшылдық, даналық болмысы, әлеумет алдындағы тұтқиылдан туған асыл ойларының, билік-шешімдерінің, алтын сөздерінің көркемдік-философиялық, этикалық, индивидуалдық қырлары, жалпыадамзаттық және қазақтың классикалық дәуіріндегі құндылықтар, ұлы идеялар, көзқарастар жүйесі зерделенеді.
Замана сыры, халықтың рухы, ұлттың көркемдік дүниетаным мен мәдениеті атақты би-шешендердің өнернамасында қалайша жарқын көрініс тапқаны нақты әдеби-мәдени, тарихи айғақтармен дәйектеледі. Сонымен қатар ұлттық шешендік өнер тарихы адамзаттық ортақ игі- ліктер мен әлем ойшылдарының дара пікір-байламдарымен бірлестікте әрі ежелгі замандағы мәдени-жаһандану үрдістерімен тұтастықта қарастырылады.
«Шешендік өнер» - қазақ көркем ойының энциклопедиясы, даналық дәрістерінің әлемі.
Профессор С. Негимовтің «Шешендік өнер» кітабы жалпы сөз өнерін құрметтейтін көпшілік қауымға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына арналған.